Сапарбаев Шу ауданындағы газбен қамту мәселесін тез шешуді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы әкімдігінде өткен кезекті басқосуға Шу ауданы Төле би ауылы тұрғындарының тұрғын үйлерге газ тарту бойынша мердігердің қымбат қызметтеріне қатысты шағымдары себеп болды. 

Облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ауылға газ құбыры бірнеше жыл бұрын тартылғанымен, кейбір үйлер әлі күнге дейін көгілдір отынсыз отыр.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, үйлерге газ жеткізуге жауапты мердігер «Париев» ЖШС. 2016 жылы олардың қызметтерінің бастапқы бағасы 420 мың теңгені құраса, кейіннен ол сома 570 мың теңгеге дейін өскен. Мердігердің айтуынша, құрылыс материалдары қымбаттаған. Бұл жағдай тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. Олар мұндай қаражатты кез-келгенннің қалтасы көтере алмайтындығын айтады.

Шу қаласынан Төле би ауылына дейін ұзындығы 8,7 шақырым магистральды құбырды сатып алу және мемлекет балансына қою үшін облыстық бюджеттен 251,1 миллион теңге бөлінген. Бұл шешім «Париев» ЖШС қызметтерінің бағасын 475 мың теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік берген.

Төле би ауылындағы 4200 үйдің 35,2 пайызы ғана газға қосылған. Қалған үйлер қызметтің қымбаттығына байланысты қосыла алмай отыр.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі облыстық департамент «Париев» ЖШС-не қатысты тергеу жүргізді. Меркі аудандық сотына жіберілген іс әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.

Дегенмен, Құдайберген Қорғанбаев «Париев» ЖШС өз міндеттемелерін толық орындамағандығын мәлімдеді. Компания техникалық қызмет көрсетуді жүргізуге мүмкіндік беретін шарт жасаспаған десек, бұл осы жылдың қыркүйегінде Төле би ауылында газдың өшірілуіне әкелген.

«Париев» ЖШС қызмет көрсететін учаскеде тұратын Шу қаласының тұрғындары да осындай мәселені бастан кешірді.

Жұмыс тобы бір апта ішінде шешімін табуы керек. Компанияның қызметтері басқа аудандарға қарағанда неге қымбат екенін саралаңыздар. Қордай ауданында осы секілді қызмет құны 350 мың, ал Шу ауданында жарты миллионнан асады. Олардың газы алтын емес шығар? Неліктен тұрғындар екі апта бойы газсыз қалады? Тұрғындар қызметтерге үздіксіз ақы төлейді, сондықтан газ да тұрақты берілуі тиіс. Олардың наразылығы орынды. Барлық кінәлілер әділ жазаға тартылуы керек. Ешкімге халықты алдауға жол берілмейді, – деп атап өтті облыс әкімі.
Аймақ басшысы бұл мәселе өзінің жеке бақылауында болатынын баса айтты.

Жиында Бердібек Сапарбаев сонымен қатар Қордай ауданындағы газдандыру жұмыстарын бақылауды тапсырды.  Ағымдағы жылы Қордай ауданының 22 елді мекені көгілдір отынмен қамтамасыз етілуі тиіс.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы