Сапарбаев: Шетелде тарихи отанына оралғысы келетін қандастар көп

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Отандастар қоры» КЕАҚ және «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ этникалық қазақтарды, сондай-ақ шетелде тұратын отандастарды қолдауды қамтамасыз ету мақсатында өзара ынтымақтастық және әріптестік қатынастарды нығайту туралы Меморандумға қол қойды.

Қол қою рәсіміне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Зауытбек Тұрысбеков қатысты.

«Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә.Назарбаев шетелде тұратын этникалық қазақтарға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның арқасында осы жылдар ішінде біздің еліміздің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан миллионнан астам отандасымыз Қазақстанға оралды. Өз кезегінде, мемлекет оларға қолайлы жағдай жасайды, оның ішінде жұмысқа орналастыру, оқыту және материалдық қолдаулар бар. Шетелде тарихи отанына оралғысы келетін көптеген отандастар тұрады. Сондықтан да біз қазақ диаспорасының әлеуметтік-экономикалық, мәдени және білім беру қажеттіліктерін барынша қанағаттандыруға бағытталған нақты шараларды бірлесіп әзірлеуіміз қажет»,- деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Меморандум қазақ диаспорасымен мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға жәрдемдесуді, оларды ана тіліне оқыту үшін жағдай жасауды, шетелдегі қазақ мәдени орталықтары мен бірлестіктерінің қызметін кеңейтуді көздейді.

«Қазақтардың 5-ші Дүниежүзілік құрылтайында Ұлт Көшбасшысы шетелде отандастарға мемлекеттік қолдау көрсету бағыттарын айқындады. Олардың қатарында этникалық қазақтарды шетелде жан-жақты қолдау, Қазақстанға келгендерге қолдау көрсету, қазақ диаспорасы бойынша біздің жұмысымызды заңнамалық тұрғыдан сүйемелдеу. Қысқа мерзімде қазақ диаспорасын мемлекеттік қолдау туралы Заң тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Мемлекеттік бағдарлама мен Қазақ диаспорасын мемлекеттік қолдау туралы заң жобасын әзірлеу жалғасуда», - деді Нұртай Әбіқаев.

Сондай-ақ меморандум аясында тараптар елге келген этникалық репатрианттар үшін қолайлы жағдай жасау, қазақ диаспорасы туралы заңнамалық акт әзірлеу және отандастарға қолайлы жағдай жасау және бейімдеу үшін арнайы бағдарламалар қабылдау туралы уағдаласты.

Меморандумды тиімді жүзеге асыру мақсатында 2019 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары қабылданды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы