Сапарбаев сапасыз жолдарды жөндеуді тапсырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бердібек Сапарбаев "Арай" тұрғын үй алқабындағы сапасыз жолдарды жөндеуді тапсырды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жуырда Тараз қаласының "Арай" тұрғын үй алқабының тұрғындары өткен жылы төселген асфальттың сапасына қатысты шағымданған болатын. Жексенбі, 24 мамыр күні өңір басшысы аталған аумақа арнайы барып, мердігердің сапасыз жұмыстарына көз жеткізді.Былтыр аталған тұрғын үй алқабында бірнеше көше асфальтталған болатын. Бірақ биыл жеті көшедегі жол жабыны желініп, жарыла бастаған. Облыс әкімімен кездескен аудан тұрғындары кейбір кәріз люктердің асфальт астында қалғанына да наразылық танытты.
Өңір басшысы шағымдарды мұқият тыңдап, кеткен кемшіліктердің жақын арада түзетілетініне сендірді.
Қала тұрғындары жол жөндеу жұмыстарының барысын мұқият қадағалап отырады. Егер олқылықтарды байқаса, оларды шешуге тырысып, әлеуметтік желілерге жариялайды. Бұл біздің қоғамдық бақылауымыз. Осылайша олар жұмыс сапасы мен мердігерлердің іс-әрекеттерін бақылауға көмектеседі. Сонымен бірге, техникалық қадағалау, ТКШ мамандары неғұрлым белсенді жұмыс істеп, жұмыс сапасын тиісті деңгейде қадағалауды қамтамасыз етуі керек. Мердігерлер, өз кезегінде, кез-келген кемшіліктердің өз есебінен түзетілетінін түсінулері тиіс, - деп ескертті Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар, аймақ басшысы қаладағы Қойгелді, Абай, Ниетқалиев, Комратова, Сыпатай батыр және басқа да көшелерге ат басын бұрды. Мұнда алдынғы жылдары жылу магистралін қайта жаңартуға байланысты жол төсемі бұзылған болатын. Алайда, жұмыстар аяқталғаннан кейін жол жабыны тиісті түрде қалпына келтірілмеген.
Жолдарды қалпына келтіру сапасы нашар. Мердігерді және техникалық қадағалаушыларды шақырып, барлық олқылықтарды жою үшін қажетті шаралар қолдану керек. Мұндай деңгейдегі жұмыстарды қабылдау мүмкін емес, - деді облыс әкімі.
Бердібек Сапарбаев "за линией" деп аталатын аймақтағы жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты.
Жалпы "Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында облыс орталығында жол құрылысы бойынша 100 жоба жүзеге асырылуда. Ол бойынша қаланың 130 көшесі қамтылады десек, 88 шақырым автожолдар мен тротуарлар салынып, жөнделеді. Бұл жұмыстарға барлығы 3,3 миллиард теңге бөлінген.
Айта кету керек, жұмыстың басым бөлігі бұған дейін асфальт төселмеген көшелерде орындалмақ. Биыл жөндеумен қамтылмаған көптеген көшелерде қиыршық тас төселуі жоспарлануда.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы 163 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылады. Аулалардың көпшілігінде жұмыс қазірдің өзінде басталып үлгерген. Мердігерлер асфальт төсеп, пайдалануға жарамсыз суару науаларын ауыстырып, шағын сәулеттік формалар мен ойын алаңдарын орнатуда. Осы орайда аймақ басшысы 9 және 10-шағын аудандардағы тұрғын үйлердің аулаларындағы жұмыстар барысын барлады.
Бұдан бөлек, бұл күні Бердібек Сапарбаев Тараз қаласы мен Жамбыл ауданының Гродеково және Жалпақтөбе ауылдарындағы бірқатар спорттық және әлеуметтік нысандар құрылысының жобаларымен танысты.