Сапарбаев: Дәрі-дәрмек қоры үнемі бақылауда болуы керек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кезекті жұмыс аптасын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев денсаулық сақтау нысандарын аралаумен бастады. Ең алдымен аймақ басшысы Тараздағы көп бейінді аурухананың инфекциялық блогын көрді. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кезінде перинаталдық орталық болған ғимарат біраз уақыт бос тұрған еді. Енді қазір мұнда күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Жоба бойынша, мұнда 200 төсек орынға арналған инфекционды стационар болмақ. Қазіргі уақытта 100 медициналық функционалды кереует сатып алынды. Сондай-ақ, қан газдары мен электролиттерді анықтауға арналған бір автоматты анализатор, оттегі стансасы, компьютерлік томограф, 50 медициналық функционалды кереует және 30 реанимациялық төсек сатып алу көзделіп отыр.Мердігер «Талас-құрылыс» ЖШС бүгінде 90 процент жұмысты аяқтаған. Ішіндегі коммуналдық желілерді толығымен жаңартыпты. Ғимаратты аралап шыққан Бердібек Сапарбаев нысанның маңыздылығын ерекше атап өтті.
Ертең індеттің екінші толқыны бола қалған жағдайда біз дайын болуымыз керек. Мына ғимарат арқылы науқастарға көмек беру қауқарымыз артады. Ең бастысы сапалы жұмыс атқарылуы керек. Бұл жөндеу жұмыстарына немқұрайлы қарауға болмайды,- деп ескертті облыс әкімі.
Аймақ басшысы, сондай-ақ, аурухана ауласын көгалдандыруға да мән берді. Мердігер барлық жұмысты 17-ші қарашаға дейін аяқтауы тиіс.
Бердібек Сапарбаев, сондай-ақ, көп бейінді аурухананың негізгі корпусына да барды. Палаталарды аралап, емдеу мекемеснің материалдықтехникалық жабдықталуын өз көзімен көрді. Аймақ басшысына жақында ғана келген үш түрлі өкпені жасанды желдету аппараттары көрсетілді. Бір ерекшелігі, аурухананың өзінде оттегі станциясы бар. Сол арқылы іштегі концентраторлар науқастарға қажетті оттегі көлемін беруге қауқарлы.
Облыс әкімі емдеу мекемесінің тіркеу орнына келіп, түскен науқастан алынған ПТР-сынама қанша уақытта дайын болатынын сұрады. Ондағы қызметкер соңғы алынған нәтижені қағаз бетіне шығарып көрсетті. Оған сәйкес, таңертең алынған сынаманың нәтижесі түстен кейін шығатыны көрсетілген.
Артынша, Бердібек Сапарбаев аурухананың дәрі-дәрмек қорын тексеруге аттанды. Оған жауапты қызметкерлер қазан айына қажет болған дәрілік заттар толығымен жеткізіліп, қазір қараша айына берілген тапсырыстар жеткізіліп жатқанын айтты. Кей дәрілік заттардың қоры 1,5, ал кейбірінің 3-4 айға дейіні бар екен.
Аймақ басшысы қаладағы дәріханалардың біріне де кіріп шықты. «Санжар» мекемесінің облыс орталығында екі дәріханасы бар екен. Қажетті заттарға тапсырыс беруде мәселе жоқ дейді. Сұралған дәрілік заттар бір күн ішінде келетінін жеткізді. Облыс әкімі дәрілік қор жасақтауға баса мән берді. Жаз кезіндегідей кезек болмауы керектігін ескертті. Сондай-ақ, дәріханаға келушілердің міндетті түрде маска киюін қадағалауды сұрады.