Сапарбаев Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығына бірқатар тапсырма берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев қызметтің басым бағыттарын іске асыру мәселелері жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығымен кездесу өткізді.
Кеңесті аша отырып, вице-премьер ел басшылығы жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беруді күшейту, нақты тәжірибелік және идеологиялық пайда әкелуі тиіс мәдени-бұқаралық іс-шараларды сапалы өткізу міндетін қойғанын атап өтті.
Биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына, әл-Фарабидің 1150 жылдығына, Алтын Орданың 750 жылдығына және Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 75 жыл толуына орай көптеген мерейтойлық іс-шара өткізіледі. Осы іс-шаралардың барлығын мұқият тағы бір рет талдап, идеологиялық сипатын арттыру керек. Сондай-ақ барлық шығындарды оңтайландырып, бөлінген қаражатты халық игілігіне жұмсау қажет, - деді ол.
Бердібек Сапарбаев бұқаралық спорттың әсіресе жастар арасында даму қарқыны төмен екенін атап өтті.
Министрлік бұл бағытта өңірлермен тығыз байланыс орнатуы тиіс. Көптеген іс-шаралар халықтың басым бөлігі өмір сүретін облыстарда өткізілетіні мәлім. Жыл сайын республика бойынша көптеген жаңа спорт кешендері мен мәдениет ғимараттары салынып жатыр. Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, сол ғимараттардың басым бөлігі демалыс және мейрам күндері, кешкі уақыттарда пайдаланылмайды. Балаларға бос уақыттарында тегін немесе жеңілдетілген түрде түрлі үйірмелерге, секцияларға, кітапханаларға, театрларға және басқа да нысандарға баратын жағдай жасау қажет. Жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету – кәмелетке толмағандар арасында рухани-адамгершілік тәрбие берудің және құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды аспектісі, - деді Б. Сапарбаев.
Вице-премьер ауылдық жерлерде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу, "Алтын Шайба", "Былғары доп" секілді ірі балалар мен жасөспірімдер жарыстарын өткізу, аудандар мен ауылдарда республикалық шығармашылық бірлестіктер мен ұжымдардың гастрольдерін өткізу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Бердібек Сапарбаев туристік индустрияны дамытудың маңызды әлеуетін атап өтті.
Қазақстан ішкі туризмді дамыту үшін де, шетелдік қонақтарды қабылдау үшін де үлкен әлеуетке ие. Біздің еліміздің аумағы үлкен, бай тарихи және мәдени мұрасы, бірегей табиғаты бар. Алайда біз қолда бар мүмкіндіктерді толығымен пайдаланып жатқан жоқпыз. Негізгі мәселе – аталған салаға стратегиялық инвесторларды тарту. Арнайы "Kazakh Tourism" компаниясын құрдық, көп әңгіме болды, бірақ нақты нәтижелер әзірге жоқ, - деді ол.
Бұған қоса вице-премьер тіл саясатын, процессуалдық спортты, кино индустриясын дамыту, Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани Жаңғыру" бағдарламасы мен "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы аясындағы іс-шараларды жүзеге асыру бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.