Сапарбаев Қарағандыдағы жұмысқа орналастыру мәселелерімен танысты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Мобильді жұмыспен қамту орталықтарының тәжірибесімен танысты.
Қарағанды облысы елімізде бірінші болып ірі базарлар мен вокзалдар секілді адам көп шоғырланатын жерлерде жұмысқа орналастыру пункттерін құрды. Жұмыс іздеп жүрген адамдар вакансиялармен танысып, бірден жұмыс берушіге жолдама ала алады немесе кәсіби курстарға жазылуына мүмкіндік бар. Мамандар өз ісін ашу және мемлекеттік қолдау шараларына қатысты кеңес береді.
Бердібек Сапарбаев облыс орталығында алғашқы болып ашылған мобильді Жұмыспен қамту орталығында болып қайтты. Аталмыш нысан күн сайын мыңдаған адам өтетін «Шығыс» базарының аумағында орналасқан. Вице-премьерді орталық қызметінің жүйелілігі мен тиімділігі қызықтырды. Осындай мобильді орталықтар облыстың басқа қалалары мен аудандарында іске қосылған. Олардың жалпы саны – 11.
Сонымен қатар, 13 жылжымалы жұмыспен қамту пункті бар. Айта кетейік, биыл өңірде 25 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылды. Мемлекеттік Жұмыспен қамту бағдарламасының барлық тетіктері іске қосылды. Жастар тәжірибесіне 2321 адам жіберілді. «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 1300-ден астам адам оқытылды. Курс түлектері жобаларды іске асыруға 957 шағын несие алды.
Жыл басынан бері облыста 30 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде әрбір үшіншісі – тұрақты. Кейін ҚР премьер-министрінің орынбасары әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша облыс әкімдігінде кеңес өткізді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Бердібек Сапарбаев өңірлердің МӘМС-ке толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.