Сапарбаев: Бізге бірыңғай ереже керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының әкімдігінде кеңес өткізіп, онда "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасын жүзеге асыру барысы және жөндеу-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылауды ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Жауапты бақылау міндеті қаланың әр аудандарында құрылған 11 мобильді топқа жүктелген. Олардың құрамына жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен басқа, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, полиция қызметкерлері және Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері енді. Облыс әкімі топқа экологтарды да қосуды ұсынды. Сонымен қатар, санитарлық тазарту және абаттандыру жұмыстарын тексеру тапсырылды.

Жалпы, жұмыспен қамтудың жол картасы аясында жалпы құны 17 миллиард теңгеге болатын 94 жоба жоспарланған. 405 тұрақты және 5666 уақытша жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі уақытта барлық нысандарда жұмыстар басталған. Қалалық каналдар мен арықтарды тазартуға 178,6 млн теңге, 43 аялдаманы жөндеуге 32,3 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, 25 жаңа аялдама салынады.

Құрылысы ұзаққа созылған 35 нысаны бойынша 10 меншік иесімен меморандумдарға қол қойылып, жұмысты аяқтау кестелері әзірленген. Қазыбек би көшесінің бойында заңсыз орналастырылған бес дүңгіршек жойылған десек, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Жіберілген қателіктерді ескеріп, саябақтар мен алаңдардың, жаңа ғимараттардың қасбеттерінің жай-күйіне назар аударып, сыртқы жарнаманы ретке келтіру керек, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Жорабек Баубеков жобаларды жүзеге асыруға халықтың қай санаттары қатысатындығы туралы қысқаша баяндады. Атап айтқанда, 2,8 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жамбылдықтар жұмысқа орналаспақ. Бұл орайда қала әкімдігі жұмыс күшінің кем дегенде 50 пайызын жұмыспен қамту орталықтары арқылы тарту, жеткізушілердің кем дегенде 90 пайызы отандық компаниялар болуы, ал жалақы 85 мың теңгеден кем болмауы тиістігіне қатысты талаптарға ден қою керек.

Жергілікті құрылыс материалдарын өндірушілерді көрсете отырып, әрбір нысанның паспорты әзірленді. Солардан сатып алуды жүзеге асыру қажет. Біздің міндетіміз – жергілікті кәсіпорындардың жүктемесін арттыру, - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы "Еңбек" бағдарламасын жүзеге асыру қарқынының әлсіздігіне, гранттар мен шағын несиелер берілу барысына көңілі толмайтындығын жеткізді. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыссыздықты азайтуға өз септігін тигізбек.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров 2018-2019 жылдары 18,6 шақырым жылу магистральдары ауыстырылғанын, алайда барлық мердігерлер өз міндеттемелерін толық көлемде орындамағанын ашып айтты. Бұл Тараздың орталық көшелері – Абай, Қойгелді, Көшеней көшелерінде жол жабындысын қалпына келтірмеген мердігер ұйымға қатысты.Қазір жосықсыз құрылысшылар айыппұлға тартылып, сот ісі басталды.

Сондай-ақ, мердігерлер есебінен Сыпатай батыр, Мирзоян, Қазыбек би, Дулати және Комратова көшелеріндегі жекелеген аумақтарды жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Абдешов 2017 жылы бекітілген абаттандыру ережелерінің бұзылуына назар аудартты. ШОБ кәсіпорындары іргелес аумақтарын тазартумен айналыспайды, өз нысандарының сыртқы көрінісіне мән бермейді. Кәсіпкерлердің төрттен бір бөлігі ғана сыртқы жарнамаға салық төлеп отыр.

Бізге бірыңғай ереже керек. Іс жүзінде Тараз көшелерінің көркін ашпайтын жарнамалық белгілердің ретсіз орналасуын көріп отырмыз. Шағын аудандардың бәрі сұр түсті, бір-бірінен айнымайтын үйлер. Облыс орталығының қазіргі заманғы өз дизайн-коды жоқ. Қала тұрғындарының жайлы және әдемі отбасылық демалыс орындары болғаны дұрыс. Егер біз Тараздың ірі туристік орталыққа айналуын қаласақ, құрылыстарды сапалы және ерекше тұрғыда салғанымыз абзал. Сондықтан әкімдіктер сәулетшілермен тығыз жұмыс жасауы керек, тың идеяларды қолданудан қашпауы керек. Бөлшек сауда нысандарының ретсіз құрылысын тоқтату керек. Жергілікті билік әрдайым шағын және орта бизнесті дамытуға қол ұшын береді, алайда ешкімнің заң бұзуына жол берілмейді. Барлық көшелерді бірден жарықтандыруға бюджет мүмкіншілігі жеткіліксіз. Бұл орайдағы жұмыстар біртіндеп орындалады. Жұмыс топтарының құрамын тағы да бір саралаңыздар. Олар салынып жатқан нысандардың сапасын арттыру, құрылыс нормалары мен мақұлданған жобалардың бұзылуының алдын алу бойынша жұмыстар жүргізуі тиіс. Біз мұндай кездесулерді ай сайын өткізіп отыратын боламыз, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев кездесу соңында.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы