Сапарбаев АӘК-ке ең көп өтініш берген өңірді атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен селекторлық отырыста атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін іске асыру, кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселелері талқыланды. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің мәліметтерінше, осы айда 368 мың көп балалы отбасыға мемлекеттік жәрдемақы төленген. Атаулы әлеуметтік көмекті алуға үміткер азаматтардан құжаттарды қабылдау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 

 

15 қаңтардағы жағдай бойынша, 24 мың отбасынан немесе 116,7 мың адамнан АӘК көрсету туралы өтініш қабылданды. Ең көп өтініш бергендер – Шымкент қаласы – 4 497 отбасы, Түркістан облысы – 4 098 отбасы, Алматы облысы – 2 702 отбасы. Ақмола облысында – 300 отбасы, Солтүстік Қазақстан облысында – 313 отбасы және Маңғыстау облысында – 574 отбасы белсенділік төмен. 2600-ден астам учаскелік комиссия құрылды. 1411 call-орталығына мыңнан аса адам кеңес алу үшін жүгінді, – деді ол.

 

Сонымен қатар, вице-министр ерекше назар аударды қажет ететін бірқатар проблемалық мәселелерді атап өтті. Мәселен, бірқатар өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының деңгейі төмен, анықтамалық материалдар жоқ, жұмыспен қамту бөлімдері материалдық-техникалық тұрғыдан нашар жабдықталған. 

 

Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында қабылданған өтініштер бойынша шешімдер шығарылмаған. Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында 2-ден 3-ке дейін ғана тағайындалған. Бұл ретте, аталған өңірлерде 1100-ден 4500-ге дейін өтініштер қабылданған. Бұл бақылаудың жоқтығын көрсетеді. Осы орайда, әкімдіктерге сыбайлас жемқорлық қатерлеріне жол бермеу үшін учаскелік комиссиялардың жұмысына бақылауды күшейту қажет, — деді ол.

Көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау орталықтары тек 7 өңірде ашылған. 

 

Сонымен қатар, кепілдендірілген әлеуметтік пакеттердің сапасын бақылау мақсатында АӘК алушылар санатынан ата-аналарды қосумен арнайы комиссиялар құру, әлеуметтік пакеттердің қамтитын заттарының сапасы, оны жақсарту немесе арттыру бойынша кері байланысты орнату қажет, – деді вице-министр.
 

 

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов МӘМС енгізу барысы туралы баяндап, бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті. Атап айтқанда, медициналық ұйымдардың толық дайын еместігі, ақпараттық және төлем жүйелерінің кіріктірілуі, төлемдердің сиректігі, басшылар мен мамандарды оқыту мәселелері айтылды. 

Аталған мәселелер бойынша сонымен қатар Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдерінің орынбасарлары ақпарат берді. 

Баяндамаларды тыңдаған соң Бердібек Сапарбаев бірінші кезекте тұрған бірқатар міндеттерді атады. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігі өңірлермен бірлесіп өңірлер бөлінісінде МӘМС-пен қамту кестесін жасауы тиіс. 

Сонымен қатар әкімдіктерге тұрғындарды жұмыспен қамту, медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, ақпараттандыру-түсіндіру жұмыстарын күшйету бойынша жұмыстарды жандандыру тапсырылды. 

Басты міндет – ақпаратты дұрыс әрі түсінікті етіп жеткізу, әлеуметтік салалардағы жаңалықтарды түсіндіру, азаматтардың сауалдарына жедел жауап беру. Адамдарға биыл балалары бар аз қамтылған отбасыларды мемлекеттік қолдау көлемі әлеуметтік пакетті қоса алғанда, артқанын түсіндіру қажет. Ол үшін әрбір облыста және ірі қалаларда Нұр-Сұлтан қаласындағы "Жанұя" және Алматы қаласындағы "Бақытты отбасы" қабылдауы бойынша отбасыларды қолдау орталықтары жұмыс істеуі керек. Мұндай орталықтарда адамдар қажетті кеңес пен көмек ала алады. Барлық өңірлер биыл 1 сәуірге дейін бұл жұмысты атқаруы керек, — деді вице-премьер. 


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы