Сапарбаев: Барлығы заң аясында болуы керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген күдікпен ұсталған азаматтардың туыстарымен кездесті.

Сортөбе ауылында өткен кездесуге облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, ҰҚКД бастығы Марат Ирменов, полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов қатысты.

Бердібек Сапарбаев ұсталғандардың туыстарының өтініштеріне құлақ түріп, оларды құқық қорғау органдары міндетті түрде назарға алатынын жеткізді. Аймақ басшысы барлығы заң аясында шешілуі тиіс екендігін атап өтті.

Орын алған қайғылы оқиғадан 11 адам ажал құшып, екі жүзге жуық адам жарақат алды. Азаматтарымыздың мүліктері зақымдалды. Екі ай бойы құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізді. Арнайы операция барысында күдіктілер ұсталды. Егер біреу заңды бұзса және оның кінәсі дәлелденсе, ол тиісті жазасын алуы тиіс. Барлығы заң аясында болуы керек. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайтын болады, - деп атап өтті Б. Сапарбаев.

Аймақ басшысы жиналғандарды тәртіп пен заңдылықты сақтауға шақырып, түрлі арандатуларға жол бермеулерін сұрады.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы