Сапарбаев азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеуді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жедел әрекет ету штабының кезекті отырысын өткізді.


Күн тәртібінде коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізу мәселелері қаралды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы ел аумағында коронавирусты таратуға жол бермеу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, бұқаралық, мәдени және спорттық іс-шаралар, конференциялар мен көрмелер өткізуге уақытша тыйым салынады. Сауда орталықтарын, базарларды, қоғамдық тамақтану нысандарын, вокзалдар мен әуежайларды қоса алғанда, адамдар жиналатын барлық жерлерде санитарлық режим күшейтілді. Біздің міндетіміз – президент тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз ету, халық арасында дүрлігуге жол бермеу, - деді ол.

Басқосуда облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков жүргізілген алдын алу жұмыстары туралы баяндады. Облыс әкімі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының әлсіздігін атап өтті.
Сіз жергілікті жерлерде халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуіңіз керек. Телеарналарда және адамдар көп жиналатын жерлерде бейнероликтер көрсетіліп, баспасөз бетінде тиісті материалдарды жариялау керек. Медициналық маскалардың тапшылығына шағымдар бар. Облыстың бұл бағытта өз зауыты болғанымен, өңірді қарапайым медициналық бұйымдармен қамтамасыз ете алмауда. Департамент тарапынан бақылау жұмыстары нашар жүргізілуде, - деді аймақ басшысы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша бес медициналық мекеменің базасында карантинде ұстау және емдеу үшін 1040 төсек-орын дайындалған. Бекітілген алгоритмге сәйкес емдеу мекемелері қажетті мамандармен, медициналық жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген.

Облыс әкімі адамдар көп жиналатын жерлерде, қоғамдық тамақтану орындарында, сауда орталықтары мен мемлекеттік мекемелерде дезинфекция деңгейін күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын бақылауды үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ардагерлер мен волонтерлер тартылған мобильді жұмыс тобы жүргізетін болады.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев коронавирус қаупіне байланысты тұрғындар арасында мерекелік іс-шараларды өткізуден бас тарту, көңіл көтеру және ойын-сауық мекемелеріне мүмкіндігінше бармаудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Бұдан басқа, шекара маңындағы пункттерде бақылауды күшейту, ал мемлекеттік органдарда өткізілетін кеңестердің саны мен олардың қатысушыларының санын азайту қажеттігі айтылды.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге назар аудартқан Бердібек Сапарбаев өңірде кейбір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасының өсуі байқалатынын атап өтті.
Өткен кеңесте жауапты басшыларға әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына күнделікті мониторинг жүргізу, олардың негізсіз өсуіне жол бермеу туралы тапсырма берілген болатын. Бүгінгі таңда олардың бағасының өсуіне ешқандай негіз жоқ. Алайда қолда бар ақпарат бойынша кейбір сауда объектілерінде күріш, қант және әлеуметтік нан бағасы қымбаттаған. Бұл осы бағыттағы жұмыстың тиісті деңгейде жүргізілмегендігін көрсетеді, - деді ол.

Осыған байланысты Бердібек Сапарбаев өзінің орынбасарлары Мұратхан Шүкеев пен Нұржан Қалендеровке сауда нүктелерінің, базарлар мен көкөніс қоймаларының жұмысын арнайы тексеруді, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қымбаттауы мен тапшылығына жол бермеуді нықтап тапсырды. Облыс тұрғындары арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы