Сапарбаев қант зауытының дихандар алдындағы қарыз мәселесін шешіп берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысындағы Меркі қант зауытының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер алдындағы берешегін өтеу мәселесі жақын арада шешілетін болады.
Бұл туралы өңірдегі агрономдармен болған кездесу барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Біз кәсіпорын басшылығымен кездестік. Қызылша өсірушілер алдындағы берешекті кесте бойынша өтеуге келісім жүргіздік. Егер зауыт басшылығы өз уәдесін орындамаса, қатаң шаралар қолданатын боламыз. Агрономдар қайта тәтті түбір егу жұмыстарын жүргізу үшін, берешек қаражатының бір бөлігі келесі айда қайтарылады деп жоспарлануда, – деді Сапарбаев.Меркі қант зауытының бақылау кеңесінің төрағасы Нұржан Қайырбеков фермерлер алдындағы қарыздарды толығымен өтелетінін жеткізді.
Қазақстанда қант бағасының күрт төмендеуіне байланысты бізде де күрделі қаржылық жағдай қалыптасып, облыс диқандары алдында қарыз болып қалдық. Облыс әкімімен кездесуде берешекті кезең-кезеңімен өтеу жөнінде шешім қабылданды. Қарыздың бірінші жартысы келесі айда өтелетін болады, қалғаны сәуір айының алғашқы екі аптасында төленеді, – деді ол.Оның айтуынша, аграршылар алдындағы жалпы қарыз 918 миллион теңгені құрайды.
Өз кезегінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өзекті мәселелерін жедел шешілуіне ықпал еткені үшін өңір басшысына алғыстарын білдірді.
Бүгінде біздің ортақ үлкен мәселеміз – қант зауыты тарапынан қарыздардың төленбеуі. Облыс басшысы біздің мәселені шешіп берді. Өңірдің қызылша өсіретін диқандары бұл шешімге ризамыз, алдағы уақытта қант қызылшасы саласын дамытуды, кеңейтуді жалғастыратын боламыз. Биыл мен 300 гектарға қант қызылшасын отырғызуды жоспарлап отырмын. Алдағы уақытта кәсіпорындар бұл секілді келеңсіздіктерге жол бермейді деп үміттенеміз, – деді "Аспан Агро" ШҚ басшысы Саха Манатов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Түркістан облысында сексеуіл тұқымын себу науқаны басталды
Өзгелердің жаңалығы