Сапарбаев: Жерді шаруашылық тұрғыда пайдалану керек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мәселелері облыс әкімдігінің тұрақты назарында.
Жыл басында салалық басқармалар мен аудандық әкімдіктерге пайдаланусыз жатқан жерлерді айналымға қайтару бойынша жұмыстар жүргізу тапсырылды. Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында осы тапсырманың орындалу барысы талқыланды.
Жер қатынастары басқармасы мен жер инспекциясы өкілдері жасаған баяндамаға сүйенетін болсақ, жоспар бойынша 70 мың гектар жерді қайтару көзделсе, бүгінде 72155 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның ішінде 5390 гектар егістік және 66765 гектар жайылымдық жерлер бар.
Мойынқұм ауданы бойынша тапсырма ойдағыдай орындалса, Шу, Сарысу, Қордай және Т.Рысқұлов аудандарында игерілмеген жерлердің үлкен көлемі анықталған. Сонымен қатар, бұл істе Байзақ, Жуалы, Меркі, Жамбыл және Талас аудандарында айтарлықтай артта қалушылыққа жол берілген.
Пайдаланусыз жатқан жерлерді анықтау және айналымға енгізу – жергілікті әкімдіктердің функцияларының бірі болып табылады. Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай, олардың бәрі бірдей бұл мәселеге тиісінше көңіл бөліп отырған жоқ.
Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілқайыр Тамабектің айтуынша, кейбір әкімдіктер пайдаланусыз жатқан ауылшаруашылық жерлерінің көлемі туралы нақты цифрларды жасырып, жалған мәліметтер жолдайды. Мәселен, Қордай ауданының әкімдігі игерусіз жатқан 15,5 мың гектар жайылым бар деп хабарлағаынмен, тексеру кезінде 99 мың гектар жер анықталған. Осындай сәйкессіздіктер Сарысу, Т.Рысқұлов және Шу аудандарының әкімдіктері ұсынған ақпараттарда да кездеседі.
Жалпы, облыс бойынша пайдаланусыз жатқан 400 мың гектарға жуық жайылымдық жерлер анықталған десек, жергілікті әкімдіктердің жолдаған көрсеткішімен ол бар-жоғы 107 гектарды құраған болатын. Тексерушілер көптеген иесіз жерлерді тапқан. Мысалы, Меркі ауданында 1247 гектар, Талас ауданында 1193 гектар, ал Қордай ауданына 559 гектар осындай жер белгілі болған. Олар бойынша құжаттар заңнама шеңберінде одан әрі рәсімдік іс-қимылдар жүргізу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жіберілген.
Кездесуге онлайн байланыс арқылы қатысып отырған жұмысы сылбыр аудан әкімдері жоғалған уақыттың орнын толтырып, тапсырманы жыл соңына дейін орындауға уәде берді.
Бердібек Сапарбаев аудан әкімдерінен ауылшаруашылық жерлеріне бір ай ішінде толық объективті тексеріс жүргізуді талап етті.
Жер айналымда болуы керек, оны ұтымды ұқсатып, барынша өнімділік тұрғыда пайдаланған абзал. Бізге егіс алқабын кеңейту, ауыспалы егістік бойынша жұмыстар жүргізу қажет. Біз өңірімізді өз өнімдерімізбен толық қамтамасыз етуге күш салуымыз керек. Азық-түлік қауіпсіздігі – қазіргі кездегі маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі, - деп атап өтті аймақ басшысы.Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев ұсақ шаруа қожалықтарын агрохолдингтерге біріктіру жұмыстарын жалғастыру қажет екенін еске салды. Әрбір ауданда заманауи ауыл шаруашылығы техникасымен және жабдықтарымен қамтамасыз етілген осындай екі-үш аграрлық бірлестік болуы тиіс. Келер жылы жақсы өнім жинау үшін тиісті жұмыстарды бүгіннен бастау керек. Сапасыз тұқымдардан бас тартып, техниканы реттеп, тыңайтқыштар қолдану, су ресурстарын, оның ішінде суды үнемдейтін технологияларды енгізуге қазірден қамданған дұрыс.