“Сапалы қызмет жоқ, төлем бірдей”: Закимов ауылдағы интернет мәселесін көтерді

ШҚО Қоғамдық кеңесінің Цифрландыру комитетінің жетекшісі Болатбек Закимов ірі қалаларда интернет тұрақты жұмыс істеп, ауылдарда әлсіз болса да, тарифке төлем бірдей екенін жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан электронды үкімет платформалары, банк қызметтері, онлайн қызметтер бойынша ТМД-да алдыңғы орында тұр. Бірақ интернеттің қолжетімділігі аймақтарда әлі де әлсіз. Бұл – қолымызда ең жақсы “Мерседес” тұрғанмен, бензині жоқ сияқты жағдай. Яғни ауылдағы адамдар ол қызметтерді пайдалана алмайды, – деді ол Қазақстан Азаматтық альянсы ұйымдастырған Президент Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстелде.

Ол Мәжіліс депутаттары мен Цифрландыру министрлігіне, сондай-ақ альянсқа да осы мәселе бойынша хат жолдағанын айтты.

Аймақтарда мобильді байланыс әлі күнге дейін 2G және 3G технологиясымен жұмыс істейді. Ал 2G 1999 жылдың, 3G 2000 жылдың, ал қазіргі 4G – 2013 жылдың технологиясы. Біз қазір негізінен 4G-ді пайдаланып жүрміз, – деді комитет жетекшісі.

Алайда Болатбек Закимов тарифтер ауыл адамдары мен қалалықтар үшін бірдей қойылғанын атады.

Тарифтер ескірген, бірақ бәріне бірдей қойылған. Яғни ауыл тұрғындары қаладағыдай сапалы қызмет алмайды, бірақ төлемі бірдей. Осыған байланысты біз хат жолдап, сіздерден де қолдау сұрадық. Тарифтерді төмендету қажет, өйткені ауыл тұрғындары қала тұрғындары сияқты қызмет ала алмайды. Президент Тоқаев та “бәріне тең мүмкіндік берілуі тиіс” деп айтып жүр. Ал қазір теңдік тек төлем жағынан ғана бар, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 5G желелік интернеті үшін операторлар базалық станцияларды орнатуды жеделдететіні айтылған болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы