"Сапалы өнім". 15 азық-түлік түрі бойынша бұзушылықтар анықталды

Павлодар облысында жыл басынан бері "Сапалы өнім" жобасы шеңберінде 15 азық-түлік түрі бойынша бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Жоба нарықтағы азық-түлік өнімдерінің сапасын бақылап, халықты қауіпсіз тауармен қамтамасыз етуді көздейді.

Облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірованың айтуынша, жыл басынан бері жоба шеңберінде 34 өнім бойынша зерттеулер басталды.

«Тексеріске енген өнімдердің тізімінде халық жиі тұтынатын ет, сүт, май, жұмыртқа, кондитерлік тағамдар болды. Зерттеу қауіпсіздік, таңбалау талаптарын сақтау бойынша жүргізілді. Бүгінгі күні азық-түліктің 17 түрі бойынша тиісті шаралар жалғасын табуда. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне түскен өтініштер бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Тұтынушылар тарапынан өтініштер тұрақты қабылданады», - дейді Н. Әубәкірова.

Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар тауарға сатып алу бағасының 15 пайызынан аспайтын шекті сауда үстемесінің мөлшерін сақтау бойынша тексеріс жүргізілді. Биыл 12 кәсіпкерлік нысанында бақылау шаралары қолға алынды. Себебі, былтыр бұл сауда нүктелерінде талаптар бұзылған.

Жыл басынан бері 50-ден астам жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тауар бағасын көрсетпей саудалаған 18 дүкен иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміндегі өнімдерге сауда үстемесін асырып жіберген 17 ескерту жасалды. Сала мамандары тексеріс нәтижесінде берген ұйғарымдар нәтижесінде азық-түлік бағасы төмендеді. Арзандаған тауарлар қатарында қарақұмық жармасы, нан, картоп, күнбағыс майы, сары май, тазартылған күріш бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы