«Сапалы білім кітап оқудан басталады»: Ақтаулық кітапханашы оқу мәдениетінің маңызына тоқталды
Ақтаулық кітапханашы білім мен оқу мәдениетінің маңызын айтты.
Ақтаудағы №35 келешек мектебінің кітапханашысы Айткүл Оразбаева білімді ұрпақ тәрбиелеуде кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, кітапхана баланың кітап оқып қана қоймай, ізденіп, ой қорытып, өз пікірін қалыптастыратын кеңістікке айналуы керек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл еліміз үшін тарихи жыл болды. Халықтың таңдауымен жаңа Конституция қабылданып, Қазақстан дамуының жаңа кезеңі басталды. Ата заңда адами капитал, білім, ғылым мен инновация ел дамуының маңызды бағыты ретінде айқындалды. Осы күні ұлт қалыптастыру, сапалы ұрпақ тәрбиелеуде кітапхананың маңызын кітапханашылар терең түсінеді, - деді ол.
Кітапханашы күнделікті жұмысында сапалы білім түсініп оқудан басталатынын байқаған. Ол қолға алынып жатқан өзгерістерді маңызды деп санайды.
Баланы ең алдымен дұрыс оқуға, түсінуге, сапалы ойлауға, өз ойын жеткізуге басымдық беріліп отыр. Кітапханашының міндеті – баланы кітапқа қызықтыру, оқуға үйрету, оқығанын түсініп, ой қорытындылауға жол ашу, - деп айтты Айткүл Оразбаева.
Ақтаудағы №35 келешек мектебінің кітапханасында 25 мыңнан астам кітап қоры бар.
Біз кітапхананы бала келетін, кітап таңдайтын, ізденетін, пікір алмасатын кеңістікке айналдырдық. Smart-кітап жиынын ұйымдастырып, кітаптарға электронды аннотация жасадық. Бұрын көркем әдебиетке сұраныс 4,5 мың шамасында болса, қазір екі есеге артты. Бүгінде еліміздегі 6,5 мыңға жуық мектеп кітапханасында 8 мыңнан астам кітапханашы еңбек етеді. Олар балаларды кітапқа жақындата алатын үлкен күш. Алдағы оқу жылында оқу мәдениетін дамытуға жүзден астам іс-шара жоспарлап отырмыз. Жас оқырмандар клубын ашып, жаңа кітаптарды балалармен бірге талқылаймыз, - дейді кітапханашы тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде.
Оның айтуынша, әлеуметтік желіде «Кітаптың кереметі» жобасын қолға алған. Ақтаудың оқушылары мен ұстаздары Президенттің бастама жасаған «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасына қатысуға дайындалып жатыр.
Жаңа Конституция алдымызға білімді, озық ойлы, жауапты ұрпақ тәрбиелеу мәндетін қойып отыр. Бұл зерделі ұлт қалыптастырудың негізі. Осы орайда барлығымыз бірлесіп зерделі ұрпақ пен оқу мәдениетін қалыптастыруға өз үлесімізді қосуымыз қажет, - деп санайды ақтаулық кітапханашы.