Санжар үшін тарихи сәт: "Реал Мадрид" ойыншылары қолтаңба беріп, суретке түсті
Санжардың көптен күткен арманы орындалды – ол Мбаппе және "Реал Мадрид" ойыншыларымен кездесті. Қайрат Боранбаевтың бастамасымен өткен бұл ерекше сәт жанкүйер үшін өмір бойы есте қалады. "Қайрат" клубы спортты баршаға қолжетімді етуді жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Қайрат" футбол клубының Байқау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Instagram желісінде ерекше қуанышты оқиғамен бөлісті. Ол өзінің сүйікті командасын және әсіресе Килиан Мбаппені көруді армандаған Санжар есімді баланы "Реал Мадридтің" жаттығуына шақырғанын жазды.
Боранбаевтың айтуынша, Санжар өзінің кумирімен кездесіп қана қоймай, бүкіл командамен жүздесті. Ойыншылар оны жылы қарсы алып, суретке түсіп, қолтаңба берді.
Бұл бала үшін өмір бойы есте қалатын сәт, – деді ол.
Сонымен қатар Қайрат Боранбаев "Қайрат" клубының спортты баршаға қолжетімді ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, алдағы матчта жанкүйерлермен бірге трибунаға пара-спортшылар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтар да шақырылады.
Футбол және маңызды оқиғалар баршаға ашық болуы керек. Бұл біздің миссиямыздың бір бөлігі. Біз спорт арқылы ешкім өзін тыс қалдырмайтын кеңістік жасай алатынымызға қуаныштымыз, – деді Боранбаев.
Айта кетейік, командалар УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің екінші турында кездеседі. Матч бүгін, яғни 30 қыркүйек күні Алматыдағы Орталық стадионда жергілікті уақытпен 21:45-те басталады. "Реал" дүйсенбіге қараған түні Қазақстанға ұшып келді. Мадридтен сапар шамамен 11 сағатқа созылды. Әлемге атақты футболшыларды Алматы әуежайында қазақы қонақжайлықпен қарсы алды.