"Науқастар саны көбейген үстіне көбейіп отыр". Бас дәрігер жұмыстан кетті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оралда жұқпалы аурулар ауруханасында орын жоқ. Қазір мұнда 151 адам ем алып жатыр. 20 шақты науқастың жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалап отыр. Біреуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
24.kz арнасының мәліметіне қарағанда, соңғы тәулікте 38 және 41 жастағы екі науқас көз жұмды.
Қатерлі індет жұқтырғандар күн сайын емес сағат сайын анықталып жатыр. Толассыз келіп жатқан науқастарды емдеу дәрігерлерге қиынға соғып тұр. Көбі мұндай жағдайда жұмыс істеуден бас тартқан.
Жұқпалы аурулар ауруханасының бұрынғы бас дәрігері облыстық денсаулық сақтау басқармасы тиісті шараларды алмай отыр деген пікірде. Ол бір ай бұрын жұмыстан өз еркімен кету жөнінде арыз берген. Басқарма басшылығы бұл арызды қанағаттандыруға мәжбүр болғанын айтады.
Науқастар саны көбейген үстіне көбейіп отыр. Аурудың бар екеніне сенбеудің салдарынан бізге ауыр жағдайда жеткізіледі. Біз басқарма басшысына қордаланған проблемаларды айттық, бірақ оның деңгейінде қандай да бір түйткілдің түйіні тарқағанын көрмей тұрмын. Текетірес те осыған байланысты басталды - дейді жұқпалы аурулар ауруханасының бұрынғы бас дәрігері Надия Ахметова.
Қазір қалада қосымша 220 орын дайындалмақ, дәрі-дәрмек пен қорғаныш құралдарының тапшылығы жоқ дейді мамандар.
Біздің арамызда түсініспеушілік болған жоқ. Ол басшылық ететін стационарды жасанды тыныс алу аппараттарымен және дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз еттік. Иә, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында қазір орын жоқ, сондықтан кешеден бастап қалалық көпбейінді аурухананы дайындап жатырмыз. Енді облыстық көпбейінді ауруханаға көп күш түседі, өйткені көптеген қызмет түрі сол жерде көрсетіледі. Науқастардың бір бөлігін перинатальды орталық пен онкологиялық диспансерге орналастырамыз. Осыған байланысты әзірге жоспарлы операцияларды тоқтата тұрамыз. Әрине, шұғыл көмек қажет болатын науқастарға қиын болады. Егер жағдай осылай жалғасса бізде медицина мамандары жетпеуі мүмкін - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов.