Бүгiн 2026, 18:47 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ЖИ

Санкциялар мен соғыс: Қырғызстан сарапшысы Орталық Азияға әсерін түсіндірді

Қырғыз Республикасының мемлекеттік және қоғам қайраткері Жоробеков Жолборс қазіргі әлемдік үрдістердің Орталық Азияға ықпалы, өңірлік ынтымақтастық және геосаяси тәуекелдер туралы пікір білдірді.

Әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделенуі Орталық Азия елдерінің де даму бағытына әсер етпей қоймайды. Әсіресе, Қазақстан мен Қырғызстан секілді тарихи, экономикалық және мәдени байланысы тығыз мемлекеттер үшін жаһандық өзгерістердің салдары ерекше маңызды. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі Қырғыз Республикасының мемлекеттік және қоғам қайраткері, саясаттанушы, Қырғызстандағы алғашқы саяси ғылымдар докторы, профессор Жоробеков Жолборспен сұхбаттасып, қазіргі әлемдік үрдістердің Орталық Азияға ықпалы, өңірлік ынтымақтастық және геосаяси тәуекелдер туралы пікірін білді.

– Қазір әлемдегі жағдайды білесіз, өте күрделі болып тұр. Жалпы осы өзгерістер Орталық Азия елдеріне қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Дұрыс айтасың. Қазір дүниеде өте үлкен өзгерістер болып жатыр. Қазақстан мен Қырғызстан тәуелсіздік алғанына 30-35 жыл болды. Осы жылдардың ішінде алғашқы 10-15, тіпті 20 жыл бойы біз бәріміз батыстың моделіне қарап, соны үлгі ретінде қабылдадық. Білім, мәдениет, демократия – бәрін батыс арқылы түсіндік. Бірақ уақыт өте келе әлем тез өзгере бастады. Қазір батыстың өзі дағдарысқа ұшырап жатыр. Кейбір құндылықтар өзгеріп, демократияның өзі басқа сипатқа ие болды. Соны көріп, біз де өз жолымызды іздей бастадық. Мысалы, Жапонияны алсақ, олар өздерінің ұлттық рухын сақтай отырып, батыстың технологиясын алды. Бізге де өз дәстүрімізге, тарихымызға қайта оралу үрдісі бар. Мысалы, құрылтай институтының қайта жандануы – соның бір дәлелі.

– Ал әлемдегі қақтығыстарға келсек?

– Қазір әлемде тұрақсыздық көп. Мысалы, Таяу Шығыстағы жағдайды қарасақ, араб мемлекеттерінің өз ішінде де бірлік жоқ. Бір елдің территориясынан екінші елге қарсы әрекеттер жасалып жатыр.

Иран да осындай қысымға жауап беруге мәжбүр болып отыр. Бұл жағдай бүкіл әлемге әсер етеді.

– Осы тұрғыда Қазақстан мен Қырғызстан үшін қандай сабақ бар?

– Ең бастысы – бірлік. Түркі мемлекеттері арасында ынтымақтастық күшейіп жатыр. Тоқаев, Ердоған, Әлиев секілді көшбасшылардың бастамалары – соның дәлелі. Қазақстан – ресурстық әлеуеті жоғары мемлекет. Бірақ тек ресурс жеткіліксіз, оны дұрыс бағытта пайдалану керек. Сондықтан мемлекеттер арасында достық пен нақты іс-қимыл маңызды.

– Иранға салынған халықаралық санкциялар біздің экономикаға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Әрине, әсер етеді. Қазір әлем бір-бірімен тығыз байланысты. Украинадағы жағдай болсын, Ирандағы жағдай болсын – бәрі бізге жанама әсерін тигізеді. Себебі сауда-экономикалық байланыстар бар. Санкциялар енгізілсе, бізге де қысым болуы мүмкін. Мысалы, кейбір елдер бізге «мына елдермен жұмыс істемеңдер» деп талап қоюы ықтимал.

Сонымен қатар, мұнай мен алтын бағасы да осындай геосаяси жағдайларға тәуелді. Баға өседі немесе құбылады – бұл біздің экономикаға тікелей әсер етеді. Яғни, әлемнің кез келген нүктесіндегі соғыс немесе дағдарыс Қазақстан мен Қырғызстанға міндетті түрде әсер етеді.

– Уақыт бөліп, сұқбат бергенініз үшін алғыс айтамын.