Санкция, мұнай және логистика: Иран факторы Қазақстан экономикасына қалай ықпал етеді

Иран төңірегіндегі ахуалдың өрбуі Қазақстан үшін бір мезетте әрі стратегиялық мүмкіндікке, әрі елеулі экономикалық сын-қатерге айналуы мүмкін. Сарапшылар санкциялардың алынуынан бастап ұзаққа созылатын тұрақсыздыққа дейінгі түрлі сценарийлер мұнай нарығына, логистикаға, бюджетке және бүкіл Орталық Азия аймағының қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін айтады. Толығырақ BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.

Сарапшылар қауымдастығында Иранды Қазақстан үшін "сыртқы фон" емес, елдің ұзақ мерзімді даму моделіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі ретінде қарастырады. Саясаттанушы Ералы Нұржұманың айтуынша, бұл елдегі кез келген ірі сілкініс автоматты түрде Қазақстанның стратегиялық мүдделеріне әсер етеді.

Ирандағы кез келген елеулі тұрақсыздық — бір жерде, алыста болып жатқан бөгде революция емес, Қазақстанға тікелей тиетін әлеуетті тектоникалық ығыс. Оның үстіне, бұл бірден екі бағытта әсер етеді: бір жағынан — мүмкіндіктер терезесі, екінші жағынан — экономикалық қауіп. Егер Иранда режим ауысып, ұжымдық Батыс санкцияларды алып тастаса, Қазақстан бірегей жағдайда қалады. Ел қазіргі заман тарихында алғаш рет саяси тұрғыдан заңды әрі экономикалық тұрғыдан тиімді, қысқа жолмен Әлемдік мұхитқа шығу мүмкіндігіне ие болуы ықтимал, — дейді Ералы Нұржұма.

Бұл — логистиканың мүлде жаңа өлшемі туралы сөз. Иранның Парсы шығанағына географиялық жақындығы Қазақстанның әлемдік теңіз маршруттарына тікелей құрлық арқылы шығуына жол ашатын сценарийді мүмкін етеді. Мұның өзі елдің сыртқы саудасы, транзиті және энергетикалық логистикасының бүкіл конфигурациясын өзгертеді.

Бұл КҚК мен ресейлік логистикаға нақты балама пайда болады деген сөз, Қытайға тәуелділік азаяды әрі Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс пен Африка нарықтарына тікелей шығу мүмкіндігі туады. Осындай жағдайда Қазақстан толыққанды құрлықтық-теңіздік хабқа айналуы мүмкін. Бұл — Қазақстанда ондаған жыл бойы айтылып келе жатқан стратегиялық арман. Ал Иран — сол арманның кілті, — деп атап өтті спикер.

Алайда сарапшының бағалауынша, бұл стратегиялық мүмкіндік ауыр бағамен қатар жүреді.

Ираннан санкциялардың алынуы — тек жаңа маршруттар ғана емес, сонымен бірге әлемдік нарыққа ағылатын мұнай легі. Иран экспортты тәулігіне миллиондаған баррельге дейін жылдам арттыра алады, бұл бағаға сөзсіз қысым жасайды. Қазақстан мұнайы бірегей де, премиум да емес, арзан иран мұнайымен бәсекеге төтеп бере алмаймыз. Соның салдарынан бюджет пен Ұлттық қор кірістері азайып, әлеуметтік шиеленіс күшеюі мүмкін, — деді саясаттанушы.

Осы тұрғыда Қазақстан үшін экономикалық тәуекел геосаяси тұрақсыздықтан кем түспеуі ықтимал. Мұнай бағасының төмендеуі бюджет кірісіне, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне және қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

Нұржұманың айтуынша, ресми Астананың Иранға қатысты ұстамды әрі сақ ұстанымы дәл осы себептермен түсіндіріледі.

Қазақстан ашық әрі болжамды Иранға объективті түрде мүдделі, бірақ тым табысты Иран бізге тиімді емес. Бұл ерсі естілсе де, ұлттық мүдденің шынайы бағасы. Бізге Иран логистикалық дәліз ретінде пайдалы, алайда санкцияларсыз толыққанды мұнай алыбы ретінде қауіпті. Сондықтан Ақорданың ресми ұстанымы барынша сақ болады — бейтараптық пен диалогқа шақыру, — дейді ол.

Егер Иран ұзаққа созылған тұрақсыздыққа ұрынса, сарапшының пікірінше, Қазақстан тұрақты түрде мұхитқа шығу мүмкіндігін де, ұзақ мерзімді баға артықшылықтарын да ала алмайды. Керісінше, аймақ Орталық Азияның оңтүстік шекараларында қосымша тұрақсыздық көзімен бетпе-бет келуі мүмкін.

Осыған ұқсас ұстанымды саясаттанушы Замир Қаражанов та қолдап отыр. Оның ойынша, қысқа мерзімді перспективада ең үлкен әсер дәл экономикаға тиеді.

Ирандағы тұрақсыздықтың Қазақстан экономикасына ықпалы саясаттан гөрі анағұрлым айқын сезіледі. Барлығы АҚШ-тың әрекет сипатына байланысты болады: экономикалық қысым, нысаналы соққылар немесе ауқымды әскери операция. Әскери қимылдарға көшу мұнай бағасының өсуін тудыруы мүмкін. Бұл Иранның өз ішіндегі тұрақсыздықпен қатар Ормуз бұғазының жабылып қалу қаупімен де байланысты, — дейді Замир Қаражанов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы