Санкт-Петербургте "Қазақстанның алтын мұрасы" көрмесінің ашылуы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. VIII Санкт-Петербург халықаралық мәдени форумы аясында Ресей этнографиялық музейінде екінші "Алтын адам" ашылуының 20 жылдығына орай Атырау облысының тарихи-өлкетану музейінің қорынан "Қазақстанның алтын мұрасы" атты көрмесінің ашылуы өтті. 

Көрме Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" атты бағдарламалық мақаласы аясында өтті. 

Көрменің басты оқиғасы – халықаралық алаңда алғаш рет ұсынылған алтын киімдегі "Сармат көсемі" жәдігері болды (б.з.д. II ғ.). Көрмеге қойылған жәдігерлер 1999 жылы Қазақстан Республикасының Атырау облысының Аралтөбе қорғанынан Батыс Қазақстан археология институтының ғылыми экспедициясы кезінде, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Зейнолла Самашевтің басшылығымен табылған. Сармат көсемінің алтын киімді мүсінін қалыпқа келтірген – республикаға танымал ғалым, жоғарғы дәрежелі қалыпқа келтіруші Қрым Алтынбеков. 

Сондай-ақ, көрмеге қыш ыдыстар, жебе ұштары, темір қылыштың сынықтары, моншақтар, қола, ерте темір және сарматтар дәуіріне жататын қола айналар қойылды. Жалпы, 600-ден астам жәдігерлер көрермен назарына ұсынылды. 

Көрменің ұйымдастырушылары Ресейдің солтүстік астанасы тұрғындары мен қонақтарын Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасымен, сарматтық кезеңге жататын өркениеттің қазыналарымен, ғасырдың қайталанбас археологиялық олжаларымен таныстырып, Ұлы Даланың әлемдік тарихтағы орнына жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берді, - делінген ақпаратта.   

Көрменің ашылу салтанатына ҚР Санкт-Петербург қаласындағы бас консулы Бауыржан Досманбетов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, "Алтын адамдың" қалпына келтірушісі, ҚР суретшілер одағының мүшесі Қрым Алтынбеков, мәдени форумға қатысушылар, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. 

Көрме Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігі, Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігі, Атырау облысының әкімдігі, Атырау облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы және Санкт-Петербург қаласындағы Қазақстан Республикасының бас консулдығы қолдауымен өтті.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы