Санитарлық дәрігер қысқы консерві дайындауда неден қателеспеу керектігін айтты
Күз – көптеген отбасылар үшін қысқа арнап көкөніс пен жемісті тұздап, консервілейтін нағыз қарбалас шақ. Дегенмен үй жағдайында жасалған консервілердің технологиясы дұрыс сақталмаса, ауыр тағамдық улануға, тіпті адам өміріне қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін. Ең қатерлісі – ботулизм, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ботулизм неден пайда болады?
Астана қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев қысқа азық әзірлегенде ботулизмнен қалай сақтану керектігін түсіндіріп берді.
Ол дұрыс стерилизация жасалмаған, қышқылдығы төмен ортада көбейіп, адам ағзасына түскенде өлімге дейін жеткізуі ықтимал. Қауіптісі, уланған консервіні сыртынан ажырату мүмкін емес: дәмі де, иісі де, түсі де өзгермейді, ал банканың өзі қалыпты көрінеді, - дейді санитарлық дәрігер.
Қандай белгілері болады?
Ботулизм кезінде алғашқыда кәдімгі тағамнан улануға ұқсайды: әлсіздік, жүрек айну, құсу. Бірақ көп ұзамай көру қабілеті бұзылады, сөйлеу мен жұтыну қиындайды. Ауру асқынғанда тыныс алу тоқтап, адам көз жұмуы мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, науқасты тек ботулизмге қарсы сарысу ғана құтқарады.
Қауіпсіз консервілеу ережелері
- Тек жаңа әрі бүлінбеген өнімдерді пайдаланыңыз.
- Көкөніс пен жемісті мұқият жуып, жер қалдығын кетіріңіз.
- Қолды, ас құралдарын және жұмыс орнын таза ұстаңыз.
- Банка мен қақпақты қайнатып немесе буға стерилизациялау қажет.
- Рецептті қатаң сақтап, тұз бен қышқыл мөлшерін жеткілікті қосыңыз.
- Дайын консервілерді салқын жерде сақтаңыз.
- Қышқылдығы төмен өнімдерді (бұршақ, қырыққабат, баклажан, ет, балық, саңырауқұлақ) міндетті түрде сірке суымен немесе лимон қышқылымен өңдеңіз.
- Консервілерді пайдаланбас бұрын 10–15 минут қайнатып алған жөн.
Нені жасауға болмайды?
Күмәнді интернет-рецепттерді қолдануға болмайды.
Бөлме температурасында қышқылдығы төмен өнімдерді сақтау қажет.
Қақпағы көтеріліп кеткен, тат басқан немесе иісі өзгерген банкілерді пайдаланбаған дұрыс.
Үй консервілерін бейресми базарлардан сатып алмаңыз.
Қауіпсіз консервілеу – тек қысқы қорды әзірлеу ғана емес, ол отбасы денсаулығына деген жауапкершілік. Қарапайым ережелерді сақтай отырып, қысқыға дайындалған тағамды дәмді әрі пайдалы етіп қана қоймай, ең бастысы – қауіпті дерттің алдын алуға болады.