Санитариялық талаптар бұзылған: Қостанайдағы балалар орталығының жұмысы тоқтатылды
Іс материалдарын қарау нәтижесінде сот орталықтың қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі балаларды сауықтыру ұйымдарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылауды күшейтуде.
Ата-ананың өтініші негізінде жүргізілген жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша Қостанай облысында санитариялық нормалардың өрескел бұзылғаны анықталған «Светофор» балалар сауықтыру орталығының қызметі сот шешімімен тоқтатылды.
Тексеру барысында ата-ана өтінішінде көрсетілген барлық фактілер расталды. Мамандар тамақтануды ұйымдастыру, сумен қамтамасыз ету, аумақ пен үй-жайлардың санитариялық жай-күйі, сондай-ақ қызметкерлердің міндетті медициналық тексеруден өтуі бойынша талаптардың бұзылғанын анықтады.
Іс материалдарын қарау нәтижесінде сот орталықтың қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар бұған дейін берілген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының күші жойылды.
Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны беру кезінде заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізді. Оның қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Денсаулық сақтау министрлігі әрбір азаматтың өтініші ерекше бақылауда екенін атап өтті.
«Балалардың қауіпсіз демалысы мен сауықтырылуы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мемлекет үшін сөзсіз басымдық болып қала береді», – деп атап өтті ведомство.