Сандықтың 30-ға жуық түрі көрмеге қойылды

Облыс орталығындағы «Ертіс» музейінде «Көшпенділер құпиясын сақтаушы» атты көрме ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

 

Мәдени шара көшпенділердің тұрмысындағы ұлттық бұйым – сандыққа арналды. Музей қызметкерлері құнды жәдігерлердің барлығын этнографиялық экспедициялар барысында іздеп тапқан. Басым бөлігін облыс тұрғындары мен шеберлердің өзі сыйға тартқан.

Г. Потанин атындағы облыстық өлкетану музейінің бас сақтаушысы Әлия Жомартованың айтуынша, этнографиялық көрмені өткізу қордың арнайы жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.

Жоба шеңберінде сандық атаулының барлығын зерттеу, тарихы туралы ақпарат жинау, шеберлердің көмегімен реставрациялау жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, сандық жасаумен айналысатын қолөнер шеберлерімен байланыс орнатылды. Кешенді жұмыс нәтижесінде ғылыми каталог басылып шығарылады. Осы көрмеге біз 30 түрлі сандық қойдық. Арасында кебеже, ас адал, әбдіре сияқты түрлері бар, - дейді Әлия Жомартова.

Этнографиялық коллекцияның бір бөлігін танымал тұлғаларға тиесілі сандықтар құрайды.

Көрмеміз «Көшпенділер құпиясын сақтаушы» деп аталады. Оның өзіндік себебі бар. Біздің ойымызша, сандықтарды көшіп-қонып жүретін халықтар ойлап тапты. Бұл – жылқы, түйемен көшіп жүргенде ең ыңғайлы зат. Әр жәдігердің өз тарихы бар. Ұлттық заттар 19 ғасырдың соңы мен 20-шы ғасырдың басында жасалған. Мәселен, біздің қорымызда музыкалық аспаптар шебері Қамар Қасымовтың жеке сандығы бар. Жүк салуға арналған сандық жүзім сабақтарынан өрілген. Оны Алматы қаласынан алып келдік. Сандықтардың бірі жерлесіміз Мунира Сатыбалдинаға тиесілі. Қарапайым мұғалім болған азаматша Ұлы Отан соғысы кезінде сабақтан соң оқушыларымен бірге колхоз алқаптарында тары жинаған. Ол 1943-44 жылдары жоспарды 30 есеге артық орындап, жұртшылыққа танылған. «Ленин» орденімен де марапатталған. Сандықтың қызы біздің қорымызға тапсырды. Сандық ішінде Мунира Сатыбалдинаның майданға жазған хаттары да түпнұсқа күйінде сақталған, - дейді Әлия Жомартова.

Көрме екі аптай бойы жұмыс істейді. Айта кетейік, бұл шараға жеке сандықтарын музейге тапсырған азаматтар да қатысты. Олар келген қауымға заттың тарихы, қолданылуы мен қалай жасалғаны туралы айтып берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы