Сандық дәуірдің сыны: Интернет-алаяқтықпен күрес өзекті мәселе болып тұр
Цифрлық технологиялар мен интернеттің жылдам дамуы адамдардың өмірін айтарлықтай жеңілдетті. Дегенмен, бұл жаңа мүмкіндіктермен бірге жаңа қауіп-қатерлерді де алып келді. Соның ішінде ең өзектісі – интернет-алаяқтық. Қазақстанда соңғы жылдары интернет-алаяқтықтың түрлері көбейіп, әртүрлі әлеуметтік топтар оның құрбанына айналып жатыр. Бұл мәселе құқық қорғау органдары мен мемлекеттік құрылымдарды ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатып отыр. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі еліміздегі интернет-алаяқтықпен күрес жолдары, оның алдын алу шаралары туралы саралап көрген еді.
Интернеттегі қауіп: Қазақстанда алаяқтық неге белең алды?
2025 жылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев интернет алаяқтықтың таралуына қатысты алаңдаушылық білдірген еді.
Соңғы кезде ел ішінде түрлі алаяқтық әрекеттер жиілеп барады. Теріс пиғылды адамдар қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жаратады. Сондай-ақ көп адам интернет-алаяқтардан зардап шегуде, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент жалған психологтар мен коучтардың көбеюіне де назар аударып, олардың құрбаны болған азаматтардың көбейгенін айтты. Бұл мәселеге қатысты көп шағымдар түсіп жатыр, сондықтан жауапты органдар оны жіті бақылауға алуы қажет.
Қазіргі уақытта интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлеріне банк картасы деректерін ұрлау, жалған хабарландырулар, жалған инвестициялық жобалар, фишинг пен вишинг сияқты әдістер жатады. Алаяқтар адамдардың аңғалдығын пайдаланып, тез пайда табуға уәде береді немесе қауіп төнгендей сездіріп, ақша аударуға мәжбүрлейді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылы интернет арқылы жасалған қылмыстар саны 40%-ға артты. Нақтырақ айтсақ, 2024 жылы Қазақстанда 11 765 интернет-алаяқтық оқиғасы тіркелген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 152 оқиғаға артық. Ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда кибершабуылдар саны күрт өсті: қаңтардан мамырға дейін ақпараттық қауіпсіздікке байланысты 30 000 оқиға тіркелді, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Бұл көрсеткішкер елдегі интернет алаяқтықтың күрт өскенін білдіреді. Үлкен қалаларда фишинг пен жалған инвестициялық ұсыныстар көп болса, ауылдық жерлерде ұтыс ойындары мен жалған тауар сату арқылы жасалатын алаяқтықтар белең алған.
Қазақстандағы интернет-алаяқтықпен күрес тәжірибесі
Қазақстанда интернет-алаяқтыққа қарсы күрес үшін заңнамалық база нығайған. ҚР Қылмыстық кодексінде осы қылмыстарға қатаң жаза қарастырылған. Ішкі істер министрлігінің құрамында киберқылмыспен күрес бөлімшелері жұмыс істеп, интернеттегі қылмыстарды анықтау мен алдын алу шараларын жүзеге асыруда.
Мәселен, былтыр Қазақстан Ұлттық Банкі Алаяқтыққа қарсы орталық құрды. Бұл орталық төлем операцияларын бақылап, күмәнді әрекеттерді анықтауға және қаржы институттары арасында қара тізімдерді біріктіруге бағытталған.
Сонымен қатар, мемлекет интернет қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ақпараттық-насихат жұмыстарын белсенді жүргізуде. Мемлекеттік органдар мен қаржы институттары арнайы бейнероликтер, жадынамалар мен онлайн курстар арқылы халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға күш салып отыр.
Қаржы ұйымдары да өз клиенттерін қорғау үшін биометрикалық сәйкестендіру, қос факторлы аутентификация және күмәнді транзакцияларды автоматты түрде бұғаттау секілді инновациялық технологияларды енгізуде.
Онлайн алаяқтардың арбауына кімдер түсіп жатыр?
Алаяқтар түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, адамдарды алдап, жеке деректерін немесе ақшасын иемденуге тырысады. Бұл қылмыстардың басты нысанасына көбінесе қай топтар ілігетініне назар аударайық.
Зейнет жасындағы адамдар интернет-алаяқтардың жиі құрбанына айналады. Бұған олардың цифрлық технологияларды жетік меңгермегені, интернет қауіпсіздігі туралы білімінің төмендігі себеп. Олар көбінесе өздерін банк қызметкері ретінде таныстырған адамдарға сеніп, карталарының мәліметін айтып қояды немесе әлеуметтік төлемдерге қатысты жалған хабарламаларға сеніп, ақша аударып жатады.
Цифрлық ортада белсенді жастар да алаяқтардың назарынан тыс қалмайды. Олар көбіне "үйде отырып табыс табу", "жоғары жалақы төленетін жұмыс" немесе "онлайн курс" деген желеумен алданады. Жастардың көпшілігі жалған жарнамалар мен пікірлерге сеніп, алаяқтарға алдын ала төлем жасап қояды.
Жұмыс іздеп жүрген немесе қаржылық қиындық көріп жүрген адамдар интернеттен оңай табыс табудың жолдарын іздеп, алдамшы ұсыныстарға тап болады. Алаяқтар оларды жалған жұмыс орындары немесе микронесиелер туралы хабарламалармен қызықтырып, алдын ала ақша сұрап алдайды. Сондай жандардың бірі – Айша (есімі өзгертілген – ред.). Алматы қаласының тұрғыны Айша әлеуметтік желідегі "үйден жұмыс табу" туралы жарнамаға сеніп, 50 мың теңге аударған. Кейін алаяқтар қосымша ақша сұрап, жалған себептер айтып, оның қорқынышын пайдаланды. Қорытындысында курс болмай шықты да, ақша қайтарылмады.
Ешқашан интернеттегі кез келген ұсынысқа сенбеймін деп ойлайтынмын, бірақ мен де алданып қалдым. Енді өзгелерге сақ болуға кеңес беремін. Ақшаңызды сақтаңыздар, жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіздер, - дейді Айша.
Интернет-дүкендерден тиімді бағаға тауар алғысы келетін азаматтар да жиі алданады. Алаяқтар жалған сауда платформаларын жасап, алдын ала төлем арқылы тапсырыс қабылдайды да, кейін байланысқа шықпайды немесе мүлдем жоқ тауарды сатады.
Кейбір кәсіпкерлер мен инвестиция салушылар интернет арқылы жоғары табыс әкелетін жобаларға ақша салуға дайын. Алаяқтар осыны пайдаланып, жалған инвестициялық платформалар мен қаржы пирамидаларын ұсынып, оларға қомақты қаражат аударуға көндіреді. Оралдық Ерлан (есімі өзгертілген – ред.) есімді кәсіпкер дәл осылай алаяқтардың арбауына түсіп қалған. Ерлан әлеуметтік желідегі инвестициялық ұсынысқа 500 мың теңге салған. Алғашында бәрі дұрыс болып көрінсе де, кейін олар байланысқа шықпай, ақшасы қайтарылмай қалды.
Интернетте жеңіл табысқа сенбеңіздер. Барлық ұсынысты мұқият тексеріңіздер, ресми құжаттар мен лицензияларды талап етіңіздер. Өз бизнесіңіздің қауіпсіздігі – сіздің қолыңызда, - дейді Ерлан.
Қазіргі таңда көп адам әлеуметтік желілерде белсенді. Бұл – алаяқтар үшін таптырмас орта. Олар фейк парақшалар жасап, танысу немесе көмек сұрау арқылы адамдарды алдайды. Кей жағдайда өздерін туыс немесе таныс ретінде таныстырып, ақша сұрау да кездеседі.
Интернет-алаяқтықтың құрбанына айналу – тек цифрлық сауатсыздықтың салдары ғана емес, сонымен бірге сенгіштік, асығыстық және сақтықтың жетіспеуінен туындайтын қауіп. Әсіресе жоғарыда аталған топтар интернеттегі қауіптерге жиі ұшырайды. Сондықтан интернет қолданушылар үшін ең маңызды міндет – өз қауіпсіздігін қамтамасыз етіп үйрену: жеке деректерді бөліспеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, тексерілмеген сайттарда сауда жасамау және әрбір ұсынысты мұқият зерттеу.
Мамандар кеңесі: Цифрлық қауіпсіздікті қалай қамтамасыз ету керек?
Киберқауіпсіздік саласының маманы Асыл Мұсатайдың айтуынша, интернет алаяқтық – қазіргі заманның ең күрделі және жылдам дамып келе жатқан қатерлерінің бірі.
Алаяқтар үнемі өз әдістерін жетілдіріп, жаңа шабуыл тәсілдерін ойлап табады. Фишинг, вишинг, жалған инвестициялық платформалар, жалған электрондық пошта және әлеуметтік желілер арқылы алдау – бұл олардың ең көп қолданатын құралдары. Сондықтан азаматтардың цифрлық сауаттылығы мен білімі өте маңызды. Жеке мәліметтеріңізді қорғау үшін тексерілмеген сілтемелерге баспау, күмәнді хабарламалар мен өтініштерге жауап бермеу керек, - дейді ол.
Асыл Мұсатай қосымша ретінде төмендегілерді ұсынады:
- Қос факторлы аутентификацияны (2FA) қосу – бұл сіздің аккаунттарыңыздың қауіпсіздігін арттырады.
- Құпиясөздерді тұрақты түрде жаңартып, әртүрлі сайттарда бірдей құпиясөз қолданбау.
- Ақшалай транзакциялар мен инвестиция жасау алдында ресми ақпаратты мұқият тексеру.
- Егер күмәнді жағдай байқалса, дереу банк немесе құқық қорғау органдарына хабарласу.
Мемлекет пен құқық қорғау органдары да интернет алаяқтықпен күресуде белсенді жұмыс жүргізуде. Бірақ ең тиімді қорғаныс – әрбір адамның өзінің сақтық шараларын ұстануы мен цифрлық сауаттылығын арттыруы. Технологиямен қатар, адам факторын дамыту – киберқауіпсіздіктің негізі, - деп түйіндейді маман.
Ал психолог Назым Серікмағамбетқызы интернет-алаяқтықтың тек техникалық әдістерге ғана емес, адамның психологиясына негізделетінін айтады.
Алаяқтар адамдардың эмоциясына әсер ету арқылы оларды басқаруға тырысады. Олар қорқыныш, сенім, үміт, ашкөздік сияқты сезімдерді шебер пайдаланады. Мысалы, біреу банк шотын бұғаттап тастадық десе, адам қорқып, ойланбастан айтқандарын орындай бастайды. Немесе “жақын адамыңыз көмек сұрап жатыр” десе, адам бірден жауап қатуы мүмкін. Бұл – адамның табиғи реакциясы. Алаяқтар сол сәтті пайдаланып, тез әрекет етуге итермелейді, - дейді психолог.
Психологтың айтуынша, адамдардың көпшілігі алаяқтарға алданып қалғаннан кейін өздерін кінәлі сезінеді, бұл да психологиялық жарақатқа әкелуі мүмкін. Ол азаматтарға кінәні өздерінен емес, алаяқтардың кәсіби әдістерінен іздеуге кеңес береді.
Бастысы – болған жағдайдан сабақ алып, өзіңді кінәламай, болашақта сақ болуды үйрену. Интернеттегі кез келген ақпаратқа сенуден бұрын, ойлану, тексеру және кідіріп барып әрекет ету – адамның өзін қорғауының ең тиімді жолы, - дейді маман.
Назым Серікмағамбетқызы интернетте эмоцияға берілмей, логикамен әрекет етуге, әсіресе ақша, жеке мәлімет немесе құжаттарға қатысты барлық сұранысқа сақтықпен қарауға кеңес береді.
Интернет алаяқтық – заман талабына сай күрделеніп отырған қоғамдық проблема. Қазақстанда бұл бағытта заңнамалық, құқықтық, техникалық және ақпараттық деңгейде күрес жүріп жатыр. Бірақ алаяқтықтың алдын алуда ең басты рөл – әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі мен сақтық шараларын сақтауы. Цифрлық сауаттылықты арттырып, алаяқтықтың әртүрлі тәсілдерінен сақ болу арқылы біз өзіміздің және жақындарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.