Сәнді киіне білу немесе қазақша стильді қалай қалыптастырамыз?

Қандай киімдер адамды әдемі етіп көрсетеді? Адам өз стилін қалай қалыптастыруы керек? Стилист әрі мерчендайзер Назерке Емилова сәнді киінгісі келетіндерге арнап бірнеше кеңес берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Назерке, әдемі киіну адамға не береді? Жеке бас жетістігіне әсер ете ме?

Сәнді киіну арқылы адам ең бірінші эмоция және энергия алады. Қалай десеңіз? Ол алдымен, өз-өзіңе деген сенімділік. Яғни, әдемі әрі үйлесімді киіну арқылы өзімізге деген сенімділігіміз артады. Екіншіден, қазақ халқында тамаша бір сөз бар “киіміне қарап қарсы алып, ақылына қарай шығарып салады” деген. Демек біздің сырт келбетіміз, киім үлгіміз арқылы энергия алмасамыз. Біз әдемі гүлге қарап сүйсініп, қызығамыз бұл да тура сондай нәрсе. Үшіншіден, мәдениет деңгейіміз артады. Әдемі киіну - тек жаңа, сәнді киіну емес, ол біздің тазалығымыз, өз - өзімізді ұстауымыз. Бүкіл адам әдемі киіне алады, ал оны өмір бойы сақтау көбінің қолынан келе бермейді.

Біздің таңдау қабілетіміз бен стиліміз және өмір сүру салтымыз өзгеріп отырады. Сондықтан да киім таңдау барысында осының бәрін ескерген жөн. Қазіргі дамыған бәсекелестік заманда киімнің пішіміне, сапасына да аса мән беру керек. Кейде, қымбат бренд киімдердің де сапасы нашар болуы мүмкін.

- Жеке стильді қалай қалыптастыру керек?

Қазіргі таңда көңілге қаяу түсіретін бір жағдай бар. Ол жұлдыздардың киім үлгісін немесе трендтерді тура солай қайталап кету, ал өзіміздің ішкі болмысымызды ескермеу. Әрбір адам жеке тұлға дейміз, бірақ неге ішкі дауысымызға құлақ түрмей киім таңдай береміз? Әрбір адамның өз стилі болуға тиіс және сол киім біздің болмысымызды көрсетіп тұруы керек. Әдемі киіну бөлек, өз стилін таба білу бір бөлек дүние. Киім таңдай білу - терең бір психология десем де артық айтпаймын. Мәселен, ішкі жан дүниеңізде романтиксіз, алайда сіз “романтикалық” трендте емес немесе ол стиль жараспайды дегенге ілесіп “минимализмде” киінесіз. Міне, содан сізде сенімсіздік пайда болады.

- Қазақша стильді қалыптастыру үшін ұлттық киім кию шарт па?

Жоқ, әрине. Ұлттық нақыштағы атрибуттарды киім үлгімізге қосуға болады. Ең бастысы болмысыңыз “қазақ” болуға тиіс. Қазақша көйлекті киіп алып, ішіңнен дым сезбесең қалай қазақша стильді қалыптастырасыз?! Стиль мен болмыстың байланысын осы жерден аңғаруға болады.

 - Осы жазда қандай стиль сәнде болады де ойлайсыз?

Биыл New look стилі сәнде болмақ. Бұл әйелдің әйел екенін сипаттайтын стиль десем қателеспеймін. Карантиннен кейін бүкіліміз жаппай оверсайзға өтіп, шамадан тыс киіп кеттік. Енді тепе-теңдік сақтау үшін жаңа тенденцияға пайда болады. Тренд пен сән әрбір маусым сайын өзгеріп, жаңарады. Ал, жеке стиль тек өзіңізде. Сондықтан да “жеке стиліңізді” дамытып үйренген жөн.

 - Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Қымбат Спабек 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: midjourney
Өзгелердің жаңалығы