30 Шілде 2026, 12:16 Фото: видеодан скриншот

Санаулы секунд: Ақтауда 10-қабаттың терезе жақтауында тұрған бала құтқарылды

10-қабаттың терезесінде тұрған бала аман-есен құтқарылды.

Ақтауда полицейлер 10-қабаттың сыртқы терезе жақтауына шыққан баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кеше кешкі сағат 19:28-де «102» арнасына Ақтау қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде 10-қабаттағы ашық терезенің сыртқы жақтауына шығып кеткен баланың өміріне қауіп төніп тұрғаны туралы хабарлама түскен.

Хабарлама түскен бойда патрульдік полиция экипажы оқиға орнына жедел жетті. Полицейлер келген сәтте жағдай аса қауіпті болды. Кәмелетке толмаған бала терезеден толық шығып, ғимараттың сыртқы жақтауында тұрған. Патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел, батыл әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында қайғылы оқиғаның алдын алып, бүлдіршін аман-есен құтқарылды, - деп хабарлады Маңғыстау облысының ПД баспасөз қызметі. 

Полициядан мәлім еткендей, баланың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға Ақтау қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері – полиция капитаны Көкенов Ержан Ұзақбайұлы мен полиция лейтенанты Татиев Данияр Нұрланұлының кәсіби шеберлігі мен батыл әрекеті ықпал етті.

Маңғыстау облысы Полиция департаменті ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.

Әсіресе, терезелері ашық бөлмелерде балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беру қажет. Терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатып, олардың маңына баланың көтерілуіне мүмкіндік беретін жиһаздарды қоймаңыздар. Балалардың қауіпсіздігі – ең алдымен ересектердің қырағылығына байланысты, - дейді құқық қорғаушылар. 

Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда екі жасар бала бірінші қабаттың терезесінен құлап кетті.