«Самұрық-Қазына» импорттық тауарларды алмастыратын зауыттың негізін қалады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзге мемлекеттерден келетін импорттық тауарлардың орнын басатын сапалы отандық өнімдерді дайындау ісін қолға алуды тапсырған болатын. Соның аясында «Samruk-KazynaConstruction» АҚ ауқымды жұмысты бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорынның іргетасын қалады.
Төбелерді жауып, нысандардың сыртын қаптауда қолданылатын өнімдерді өндіретін зауыттың капсуласын салу рәсіміне Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілігі, «Samruk-KazynaConstruction» АҚ, «AstanaInvest» инвестицияларды дамыту мемлекеттік орталығы мен «MetalFormer» кәсіпорнының басшылығы қатысты.
Бұл жобаның жүзеге асуы нәтижесінде осы уақытқа дейін Ресейден, Қытай мен Финляндиядан дайын күйінде жеткізіліп келген құрылыс материалдарының 20%-ы отандық өніммен алмастырылады. Ішкі нарыққа өз елімізде өндірілген жабындық және қаптама материалдары жеткізіледі, - деп атап өтті Samruk-KazynaConstruction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманов.
Арнайы экономикалық аймақ аумағында «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен салынатын зауыттың құрылысы тура бір жылдан соң, яғни келесі жылдың қыркүйек айында аяқталуы тиіс. Құрылыс жұмыстарына 90-нан астам адам тартылады.
Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін мұнда жылына 630 мыңға дейін металл жабындысы мен 2,2 млн данаға дейін қаптама материалдары дайындалады. Сондай-ақ, жаңадан 70-ке жуық жұмыс орны құрылады.
Осылайша, «Самұрық-Қазына» АҚ жергілікті құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорынды іске қосу арқылы арқылы сырттан келетін тауарға деген тәуелділіктен арылып, пәтерлердің әр шаршы метрі бағасын арзандатуды көздейді.