«Самұрық-Қазына» инвестициялық холдингке айналу процесін белсенді іске асыра бастады

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Директорлар кеңесі қордың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын бекітті. Бүгін осы ақпаратты хабарлаған Қордың сратегиялық даму жөніндегі басқарушы директоры Ләззат Боранқұлова бес жылдық жоспардың басты үш мақсаты, ондағы негізгі көрсеткіштер туралы мәлімет берді.

Қор 2018 жылы өзінің даму стратегиясын бекіткен болатын. Сол стратегияға сәйкес, әр бес жылдыққа даму жоспары әзірленеді. Қордың миссиясы ұлттық әл-ауқатты ұлғайтып, болашақ ұрпақ үшін ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету, - деді сөз басында ол. 

Биыл 13 қарашада Қорды басқару кеңесінде «Самұрық-Қазына» АҚ-тың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Қордың инвестициялық холдингке айналу жөніндегі тұжырымдамасын таныстырып, оны Елбасы құптаған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар 2021 жылдан бастап белсенді түрде қолға алынбақ.

Тұжырымдама аясында 2028 жылға дейінгі жаңартылған даму стратегиясының негізгі көрсеткіштері айқындалды. Ең басты мақсаттардың бірі – орта қысқа мерзімде «Самұрық-Қазына» қорының жұмысын әлемдегі өзге де озық тәуелсіз қорлардың баламасы секілді инвестициялық холдинг форматына ауыстыру, - дейді Ләззат Боранбаева. 

Ал, «бұл қадам Самұрық-Қазынаның жұмысын Ұлттық қордың жұмысына ұқсатып жібермей ма» деген сұраққа жауап берген Ләззат Боранқұлова Ұлттық қордың жұмысы өзгешелеу дейді. «Ал, Самұрық-Қазына өзінің басқа да міндеттерімен қатар, инвестициялық холдингтердің жұмысына сай қызмет етеді. Сонымен қатар, әрбір инвестицияның өз тәуекелі бар болғандықтан, Қор әрбір жобаға қатысты жеке шешім қабылдап, әрбір инвестиция бойынша сақтандыру мәселесін жеке қарайды, - дейді ол. 

Жалпы, Қор жұмысының алдағы бес жылдағы негізгі үш мақсатқа тоқталсақ, біріншісі – портфелді компаниялардың тиімділігін арттыру, екіншісі – тиімді басқаруды жалғастыру, үшіншісі тұрақты даму.

Қор 2021 жылдан бастап белсенді түрде инвестициялық холдингке ауысу процесін бастайды. Жаңа портфелдің өсімін қамтамасыз ету үшін болашақ ұрпақ қорын қалыптастыру, тек инвестициялау қағидаты бойынша тікелей инвестиция жүргізуге ауысады. Бұл өз кезегінде Қор портфеліндегі коммерциялық активтердің санын көбейтеді. Осылайша, Қор портфелді оңтайландыру мен қайта құрылымдауды жалғастыруға көп ден қойып, 2024 жылға қарай Қордың инвестициялық портфелін белсенді басқаруға бет алады, - дейді басқарушы директор. 

Боранқұлова 2021 жылдан бастап Қор белсенді түрде инвестициялай бастайтынын атап өтті. Қазіргі уақытта Қор 12 басым саланы анықтады, олардың ішінде ақпараттық технологиялар, инфрақұрылымдық құрылыс, жасыл энергетика, химия өнеркәсібі, денсаулық сақтау, машина жасау, логистика, ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, ғылыми әзірлемелер және т.б. Бұл тізім толық емес және әлемдік және аймақтық тенденциялар мен нарықтың өзгеруіне байланысты жыл сайын жаңартылып отырады.

Ал, 2025 жылға қарай Қордың таза активтерінің құны 6,9 трлн теңгеге қымбаттап, 21 трлн теңгеге жетеді деген болжам бар. 2021 жылы Қордың таза табысы 523 млрд теңге көлеміне жетеді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22% көп. Алдағы төрт жыл ішінде таза табыс көлемі 6,2 трлн теңгеге жетпек.

 

Жалпы, жылды қорытындылайтын болсақ, қалыптасып отырған сыртқы факторларға қарамастан, 2021 жылы компаниялар тобының негізгі стратегиялық көрсеткіштері биылғыдан қарағанда әлдеқайда жақсарады. 2021 жылы Қордың таза активтерінің құны 653 млрд теңгеге өсіп, 14 трлн теңгеге жетеді. Соңғы алты жылдағы жылдық орташа өсім 8,2%, соңғы он жылда 9,1% құрады. Әуел баста қор алты жылғы көрсеткішті 8% деп белгіленген еді», - дейді Боранқұлова.

 

 


 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы