Самұрық-Қазына: «Сарыарқа» газ құбыры уақытылы қолданысқа беріледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары кезінде белгілі болғандай, «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы уақытында аяқталады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Жоспар бойынша, газ желісі 2019 жылдың желтоқсанында салынып біткен соң, құбыр 2020 жылы толық пайдалануға берілмек.
Нысанда жүріп жатқан жұмыстармен танысқан Ахметжан Есімов құрылыс барысын оң бағалаған. Сонымен қатар, ол жұмыстың сапасы мен құбырды тапсыру мерзімі жоспарға сай сақталсын деп, нақты тапсырмалар берген.
Айта кетейік, «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырынан басталады. Жоба Қазақстанның астанасы мен орталық және солтүстік аймақтарын газдандыруға бағытталған. «Самұрық-Қазына» осындай ауқымды жобаны қаржыландырып отырған тараптың бірі, құрылыс операторы – «Астана Газ ҚМГ» компаниясы. Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер ретінде «ҚазСтройСервис» компаниясы бекітілген. Газ құбырының жалпы ұзындығы 1061,3 шақырымды құрайды.
Қазір нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Жоспар бойынша, газ құбырының қуаты жылына 2,2 млрд текше метр газ тасымалдауға жетуі керек. Жобаға сай, Қарағанды мен Ақмола облыстарында 171 елді мекенге газ жетеді деп күтілуде. Осылайша, газ тартудың арқасында көмір отынын тұтыну көлемі жылына 650 мың тоннаға азаяды.
«Бұл шаралар еліміздің экологиялық жағдайын жақсартады. Бұдан басқа, «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы 800-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, ең қызу жұмыс жүретін айлары 2000-нан аса адам жұмылдырылады», - делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Бұған дейін хабарланғандай, құбырды төрт кезеңде салу жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде Жеқазған – Қарағанды – Нұр-Сұлтан қалаларының арасында газ тартылады.
Екінші кезеңде Нұр-Сұлтан қаласынан Көкшетауға дейін газ құбырын тарту, ал үшінші кезеңде Петропавл қаласына газ тарту көзделіп отыр. Соңғы кезеңде Жезқазған мен Теміртаудағы компрессорлық станциялардың құрылысы қарастырылған.
Кейін, 2019 жылдың ақпанында Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болған Ахметжан Есімов Елбасына «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы «Сарыарқа» газ құбырының құрылысын қаржыландыру ісіне атсалысып жатқанын баяндаған еді.