Самокат жүргізушілеріне қойылатын талаптар күшейтіледі

Елімізде самокат жүргізушілеріне қойылатын талаптар күшейтіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Депутат Екатерина Смышляева депутаттардың ұсынысымен әзірленген заң жобасын таныстырды.

Соңғы жылдары көшеде жаңа көлік құралдарының, яғни электр самокаттардың, гироскутерлер мен монодөңгелектердің және т.б. пайда болғанын көріп жүрміз. Бізге азаматтардан жаңа көлік құралдарының жүрісін реттеу мәселелері бойынша өтініштер үнемі түсіп жатады. Бұл, әсіресе, мегаполистерге қатысты. Электр самокаттардың жолдармен және тротуарлармен жүруі жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге қауіп төндіріп жатыр, - деді депутат.

Сөзінше, заң жобасы екі жыл бұрын әзірленген. Алайда электр самокаттарға қатысты техникалық регламент тек 2022 жылдың шілдесінде қабылданды.

Жобаға сәйкес электр самокаттар көлік құралы ретінде танылады және жүру жылдамдығы сағатына 25 километрге дейінгі көлік құралдары электр самокаттарға жатады.

Электр самокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады. Тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Бұл тәсіл көліктің жаңа түрін иеленушілер мен жаяу жүргіншілер үшін ең қолайлы шешім, - деп айтты Смышляева.

Тротуардағы жылдамдықты шектеу жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Шектеулерді басқару қиын. Бірақ мұндай жылдамдық шамамен жаяу жүргіншілер легінің жылдамдығына тең. Ол сырттай көзбен шолып анықталады.

Депутат жүргізушілерге қандай талаптар қойылатынын атап өтті.

Электр самокаттың жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне жол беріледі. Алайда, бұл үшін жүргізуші 18 жасқа толуы және шлем киюі керек. Және үстінде жарық шағылыстыратын киім мен кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет. Жолдың жүру бөлігіне шығатын жүргізушілерге қойылатын талаптар – авариялық жағдайлардың алдын алу мақсатында енгізілді. Өйткені жол жүрісі қағидаларын білмеу – көлік құралының конструкциясын ескерсек, қиын жағдайға алып келуі мүмкін, - деп түсіндірді Екатерина Смышляева Мәжілісте.

Электр самокатта жүктер мен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады.

Электр самокат жүргізушілер жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен жаяу өтуі керек.

Көліктің осы түрін дамытудағы проблемалардың бірі – арнайы бөлінген жолдар мен жолақтар түріндегі қалалық инфрақұрылымның болмауы. Жекеменшік электр самокаттардың көбеюін, Қазақстан нарығында кикшеринг сервисінің пайда болуын ескерсек, осындай көлікке бейімделмеген, бұрыннан бар инфрақұрылымға түсетін жүктеме жақын арада артады. Сондықтан біз қала кеңістігін жоспарлауға, шерингтік компаниялардың жауапкершілігіне, көліктің жаңа түрін тіркеуге жергілікті атқарушы органдардың қатысуын қамтамасыз ету үшін реттеуші құралдардың екінші топтамасын әзірлеуге кірістік, - деп айтты ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы