Саммит түркі елдерін ортақ мақсаттарға біріктіреді - түркітанушы

Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық Х саммиті өтті. Президент Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлі артып келе жатқанына тоқталып өтті. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Раушан Аваковамен тілдескен еді.

– Бүгінгі саммитте түркі мемлекеттеріне ортақ бірқатар өзекті мәселе қаралды. Осы жайлы айта кетсеңіз. 

Түркі мемлекеттері ұйымы жалпы түркі жұртына мемлекетаралық мәселелерді шешуде, сауда-саттық, экономикалық, ағартушылық және т.б. қоғамдық прогресс пен өркениетке жетелейтін үлкен мүмкіндіктер алаңы болады деп есептеймін. «Түркі мемлекеттері одағының» бүгінгі саммиті түркі мемлекеттеріне ортақ бірқатар өзекті мәселенің мейлінше терең талқылау, зерттеу қажеттігін алға тартып отыр. Түркі мемлекеттерін ортақ мақсаттарға біріктіретін және бағыттайтын түркі мәдениетінің, руханиятының, экономикасының, сауда-саттық маркетингісінің, халықаралық саясатының маңыздылығын танытады. Сондай-ақ түркі халықтарының адамзат өркениетінің тарихи-мәдени мұрасына үлес қосуына бағдарлама жасауға септігін тигізеді. Бұдан бөлек түркітілдес мемлекеттер мен халықтар арасындағы бауырмалдық, достық, сондай ақ бірқатар сауда-саттық жолымен жүргізілетін қарым-қатынастарды нығайтады. Білім мен ғылым саласындағы ортақ іс-шаралар мен жобалар, академиялық зерттеулер мен білім беру саласы ортақ білім беру бағдарламалары арқылы іске асырылады деп санаймын. 

– Түркі елдерінің бірігуінен қандай нәтиже күтіледі?

Бүгінгі X рет өткізіліп отырған «Түркі мемлекеттері ұйымының» саммитінде сөз сөйлеген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барша түркі жұртынан келген мемлекет басшыларына ерекше ілтипатын жеткізді. Режеп Тайып Ердоған мырзаны Түркияның 100 жылдық мерейтойымен құттықтады. Анадолы түркілерінің бүгінде бүкіл әлемге ықпалы бар екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ Ильхам Гейдароғлы Әлиевті Әзербайжанның ел іргесін бекемдеуімен құттықтап, қашанда Қазақстан жұрты қолдаушылар қатарынан екенін жеткізді. Ұйымның қазіргі төрағасы Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонович Мирзиёевке түркі елдерінің ынтымақтастығын нығайтуға зор үлес қосқаны үшін ризашылығы мен ықыласын білдірді. Жалпы осындай протоколдық ресми іс-шараның өзінен де түркі мемлекеттерінің өзгеше дербес даму жолы мен ортақ менталитеті, мәдени коды мен генетикалық жады бір екенін сезу қиын емес. 

– Саммит нәтижелері біздің елімізге не береді?

Аталған саммит бір ататілден тараған түркітілдестер үшін үлкен идеялар мен жаңа тың пікірлердің бастамасы болады деп үміттенемін. Жалпы, түркі әлемі кеңістігіне қатысты барлық мәселені назардан тыс қалдырмауға тырысатын бұл «Түркі Мемлекеттері Ұйымның» мақсаты – түркі жұртына ортақ экономикалық-рухани қажеттіліктерді нақтылап, оның құрылу, қалыптасу, даму сатыларын айқындау, стратегиясының іргетасын қалау. Саммит зерделі ой-пікірлерге жол ашып, ұрпақ игілігіне қызмет етеді деген ойдамыз. Еуразия кеңістігіндегі түркі мемлекеттері мен басқа да халықтар арасындағы тарихи-мәдени, ғылыми-ағартушылық байланыстарға жаңа серпін берері сөзсіз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы