Самат Әбіш тергеуде – ҰҚК
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Асқар Әмірханов Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында айтты.
Самат Әбіш те тергеу орбитасында бар. Қазір ол жауап беріп жатыр. Оның мәртебесін білмеймін. Қаңтар оқиғасы кезінде ол жұмыста болған. Мен жеке оны өзім көрмедім. Бірақ тергеу жүргізіліп жатыр. Ол Қазақстанда болуы керек, - деді Әмірханов.
Алайда Әмірханов тергеу амалдары барысында С. Әбіш күдікті немесе куәгер екенін нақтыламады.
Самат Әбіш 1978 жылы 20 тамызда Алматы облысында туған.
Әкесі - Назарбаев Сатыбалды Әбішұлы. Анасы - Назарбаева Светлана Мырзахметқызы.
ҚР ҰҚК академиясын (2000); РФ СБҚ академиясын (2002) бітірген.
Қазақ, орыс және неміс тілдерін біледі.
2000 жылдан - ҚР ҰҚК органдарында қызмет атқарған. 2006 жылдың маусым айынан -ҚР Әділет министрлігінде басқарманың қылмыстық-атқару заңнамасы бөлімінің бастығы. 2006 жылдың қыркүйек айынан - Тіркеу комитеті төрағасының орынбасары, 2007 жылдан - төрағасы. 2008 жылдың қазан айынан - ҚР Әділет министрлігінің жауапты хатшысы. 2010 жылдан бері - ҰҚК Орталық аппараты Мамандар департаментінің бастығы.
Айта кетейік, Самат Әбіш Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. Осыған дейін ол ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болды.