Самал Еслямова өз таңдауын жасады
Солтүстік Қазақстан облысы, «BAQ.KZ» тілшісі. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен танымал актриса, 71-ші Канн кинофестивалінің «Үздік әйел бейнесі» номинациясының жеңімпазы Самал Еслямова өз таңдауларын жасады.
Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары азаматтық құқықтарын пайдаланып, таңсәріден сайлау учаскелеріне қарай ағылуда. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, өңірде 402 мыңнан астам адамның дауыс беру құқығы бар. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл қаласындағы № 595 сайлау участкесінде өз таңдауын жасады.
Облыстық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығы орталығында орналасқан № 595 сайлау учаскесі таңғы сағат 7-ден бастап сайлаушыларға есігін айқара ашты. Бұл учаскеде 1416 қала тұрғыны тіркелген. Олардың арасында Ұлы Отан соғысының бір ардагері, жиырма тыл еңбеккері бар. 56 сайлау науқанына алғаш қатысып отыр. Сайлау комиссиясының төрағасы Қанат Сәдуақасовтың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі төрт тұрғын үшін арнайы кабина жабдықталған.
Ел ертеңін айқындайтын саяси науқанға келген өңір басшысы Құмар Ақсақалов журналистерге сұбат беріп, бұл сайлаудың мәні мен маңызы зор екенін тілге тиек етті.
«Президент сайлауы – кез келген ел үшін маңызды саяси оқиға. Біз бүгін еліміздің болашағын таңдап жатырмыз. Ал елдің болашағы әрқайсымызға байланысты. Еліміздің әрі қарай дамуына, гүлденуіне қатысты дауыс бердік», - деді Құмар Ақсақалов.
71-ші Канн кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова да №595 сайлау учаскесіне дауыс беру үшін таңнан келді. Актриса жұмыс бабымен қай елде жүрсе де, елдің тағдыры шешілетін сайлаулардан ешқашан қалып көрген емес. Бұрындары шетелдегі сайлау учаскелерінде дауыс берсе, бұл жолғы сайлау еңбек демалысымен тұспа-тұс келіп, таңдауын туған жерінде жасады.
«Мен алдағы күннен тек жақсылық күтемін. Еліміздің болашағы жарқын болатынына сенемін. Бейбітшілігіміз бекем болып, тәуелсіз еліміз ары қарай да өркендейтініне сенімдімін», - деді Самал Еслямова.
Саяси науқанның әділ әрі ашық өтуін шетелдік және отандық бақылаушылар жіті қадағалада. № 595 учаскедегі бақылаушылардың екеуі жергілікті бақылаушы болса, төртеуі ТМД елдерінің өкілдері.