Самал Есләмова: «Айка» ақша табу үшін түсірілген фильм емес

Былтыр Францияда өткен Канн фестивалінде ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмінде басты рөлді ойнаған қазақ актрисасы Самал Есләмова «Үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алып, еліміздің абыройын асқақтатты. Әсіресе қазақстандық көрермен бұл кинокартинаның тұсаукесерін асыға күтіп жүргені сөзсіз. Қызылжарда «Айка» кинокартинасының алғашқы көрсетілімі ақпанның 13-і күні ұйымдастырылмақ. Ақпанның 14-інен аталған фильм Қазақстан және Ресей кинотеатрларының прокатына шығарылады. Айтулы шараға қатысу мақсатында туған жеріне келген актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Самал Есләмовамен BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасқан еді.

- «Айка» фильмі туралы көп айтылды, көп жазылды. Ертең кинокартина халық назарына ұсынылады. Оның 6 жыл бойы түсірілгенінен де хабардармыз. Осынша уақыт бойы «Айка» сізді жалықтырып жіберген жоқ па?

- Иа, кинокартина 6 жыл бойы түсірілді. Біріншіден, осы уақыт ішінде мен сыртқы келбетімді, салмағымды, шаш үлгісін бір қалыпта ұстап тұруға міндетті болдым. Бұл оңай шаруа емес. Екіншіден, өкінішке қарай мен дүниеге сәби әкеліп, ана болу бақытын сезініп үлгерген жоқпын. Сондықтан Айканың рөлін сомдау үшін ерекше дайындық қажет болды. Баланың дүниеге келу процессін зерттедім. Бұл рөл менің табиғатыма қарама-қайшы. Өз баламды ешқашан тастамас едім, ондай адамдарды тіпті түсінбеймін де. Кино сценарийіне сәйкес, Қырғызстаннан Мәскеуге арман қуып келген жас қыз жүкті болады. Бала туғаннан кейін оны перзентханада тастап кетеді. Осы әрекеттердің барлығын шынайылықпен ойнау үшін көп еңбек еттім. Қиын болғанын жасырмаймын. Қыстың қақаған суығында күнде түсірілім жүріп жатты. Тәулігіне 2-3 сағат қана демалған кездеріміз болды.

- Кез келген рөлді ойнау үшін шынайы актер физикалық дайындықпен қатар, ішкі жан дүниесімен дайындалады. Сіз үшін дайындық қалай өтті?

- Тіл үйрену қиын болды. Тіпті Қырғызстанға баруға тура келді. Бұған дейін қазақ пен қырғыз тілі өте ұқсас деп ойлайтынмын. Бірақ олай емес екен. Мен фильмде өз кейіпкерімнің рөлін ойнаған кезде анамды есіме алдым. Себебі, шешенің балаға деген махаббаты әрқашан ерекше. Мәскеуде оқып жүрген кезде жол алыс болғандықтан, туған жерге сирек келетінмін. Ата-анам мені құрақ ұшып қарсы алатын. Әсіресе оқуға кетер сәтте анам қатты толқитын. Мені жақындарым пойызға дейін шығарып салатын. Теміржол көлігі қозғала бастағанда шығарып салуға келгендер де вокзал сыртына қарай аяңдайтын. Ал анам болса, мен отырған пойыздан көз алмай, жанарымен шығарып салып тұратын. Өзім де терезеден анам тұрған жаққа ұзақ қарайтынмын. Осы кезде ана мен баланың арасындағы байланысты, екі адамды бір-біріне тартып тұратын тылсым күшті сезінетінмін. Мен ата-анамның махабаттына шомылып өскен бақытты жанмын.   Сондықтан режиссер Сергей Дворцевой ана мен бала тақырыбында кино түсіретінімізді айтқанда қуанышпен қабылдадым. Менің кейіпкерім басында баласын тастап кеткенімен, оның қателік екенін түсінеді. Ар жағын айтып жатпайын. Әйтпесе, кино қызықсыз болып қалады...

- «Айка» фильмі – 71-ші Канн фестивалінің жүлдесімен қатар, Германия мен Жапонияда ұйымдастырылған халықаралық байқауларда Гран-при жеңіп алды. Түркияның Анталия қаласында өткен 55-ші халықаралық кинофестивальде «Үздік актриса» номинациясын қанжығаға байладыңыз. Фильм кино әлемінің ең салмақты байқауларының бірі «Оскар» жүлдесіне ұсынылды. «Оскардан» не күтесіз?

- Қазақ қанағатшыл халықпыз. Сондықтан «Айка» фильмінің «Оскар» жүлдесінің шорт-тізіміне еніп, үздік 9 фильмнің тізімінен орын алудың өзі үлкен жетістік деп ойлаймын. Қандай да бір іс тындырып, ол үшін жүлде күту – мен үшін жат қылық. 71-ші Канн фестивалінен де мен ештеңе күткен жоқпын. Жүргізуші номинация жеңімпаздарын жариялап жатқанда, өз есімімді естігенде, бірден киноның жүлде алмай қалғандығы ойыма келді. Себебі бұл менің ғана еңбегім емес, топтың еңбегі. Жүлде алу бақыты маған ғана бұйырды.

- Қазір немен айналысып жүрсіз? Қандай рөлдерді ойнауды армандайсыз?

- 71-ші Канн фестивалі менің өмірімді өзгертті. Қайда барсам, халық мені таниды. Қазақстанға алғаш келгенде әуежайда мені күтіп алған топ мүшелері «Сәлеметсіз бе, жүлдеңіз құтты болсын!» дегенде осыны ұқтым. Бірақ, атақ-даңқ мен үшін маңызды емес. Мен сол бұрынғы Самалмын. Ішкі жан дүнием бәз-баяғы қалпында. Кино саласында бірқатар келісімшарт жасалды. Түсірілім биыл басталады. Өткен күзде Алматы облысында «Барымташылар» атты фильмге түстім. «Қазақ батырлары» атты тарихи сериалда Қарасай батырдың шешесінің рөлін ойнадым. Бұл фильм жақын арада көрсетіледі деп ойлаймын. Бір қызығы маған үнемі ана рөлі бұйырады. Ендігі арманым – шынайы өмірде отбасылы болып, дүниеге сәби әкелу. Жалпы алғанда мен үшін рөлдің жаман-жақсысы жоқ. Мағынасы терең сценарий болса, ұсыныс болса, мен жұмыс істеуге қуана келісемін. Жалпы, актерлік кәсіп шығармашылық пен табандылықты талап етеді. Әр киноға түскен сайын өзім үшін жаңалық ашамын. Маған өз мамандығым сонысымен де қызық. Қанша тереңге бойласаң да, тұңғиығына жете алмайсың.

- «Айка» ақпанның 14-інен Қазақстан мен Ресейдің барлық кинотеатрларында прокатқа шығады. Бұл фильмге сұраныс қаншалықты болады деп ойлайсыз?

- «Айка» ақша тауып, табысқа кенелу үшін түсірілген кино емес. Сондықтан ол кассалық фильм болады деп ойламаймын. Бірер күннен кейін кино прокатқа шығады. Көрермен шынайы бағасын береді деп ойлаймын.

- Самал Ілиясқызы, сұхбатыңызға рахмет, шығармашылық табыс тілеймін!

 

Сұхбаттасқан: Эльмира Кәленова

Фото автор

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы