"Самұрық-Қазына" ел экономикасын қалпына келтіру шаралары туралы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының Импортты алмастыру туралы бағдарламасы жан-жақты кеңейіп жатыр. Бұл туралы бүгін онлайн баспасөз мәслихаты кезінде "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры Басқарма төрағасының орынбасары Әлішер Пірметов мәлімдеді.
Осылайша, Әлішер Пірметов атап өткендей, Қор сатып алулар саласындағы дәстүрлі әдіс-тәсілдер жүйесін түбегейлі қайта қарап шыққан.
Бүгін Қордың импорт алмастыру жөніндегі бағдарламасы кеңейіп отырғанын хабарлағымыз келеді. Осыған байланысты, біз дәстүрлі әдіс-тәсілдерді қайта қарап шықтық. Мәселен, бұрын импорт алмастыру бағдарламасы тек холдинг ішіндегі операциялық функциялардан тұрса, қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты, ол отандық бизнесті қолдауға бағытталған нақты-нақты тетіктермен толықтырылып отыр, - деді Пірметов.Басқарма төрағасының орынбасары еске салып өткендей, маусым айында Елбасының төрағалығымен өткен Қорды басқару жөніндегі кеңесте әлемдік экономикадағы қалыптасқан жағдайға байланысты, отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған шаралар жөнінде есеп айтылған.
Ол бағдарламаға сәйкес, Қорға қарасты компаниялар өз тауарларын өткізе алмай отырған кәсіпорындармен келісімшарттар жасасады.
Бұл өз кезегінде Қордың компанияларына тиісті тауар сатып алуға мүмкіндік берсе, кәсіпорындарға жұмыс процесін тоқтатпай, өндірісті арттырып, жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, біз 2020 жылды қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау жылы ретінде жарияладық. Осы және өзге де жүйелі шаралар Қазақстан экономикасын дағдарыстан шығарып, шикізат нарығынан тәуелсіз ете алады. Қордың отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған шараларына импортпен емес, отандық тауармен жұмыс істейтін кез келген компания қатыса алады, - деп түсіндірді Пірметов.Сонымен қатар, журналистердің сұрағына жауап берген Басқарма төрағасының орынбасары Қор жүзеге асырып отырған офф-тейк келісімшарттардың нәтижесі туралы да толық ақпарат берді. Айта кетейік, былтыр басталан офф-тейк келісімшарт бағдарламасы импорттан арылып, жаңа бастамаларды қолдауға бағытталған.
Офф-тейк келісімшарттардың нәтижесі анық көрініп отыр. Осы уақытқа дейін осы бағдарламамен жұмыс істеуге 38 кәсіпорыннан 47 өтініш түсті. Бұл кәсіпорындарда 12 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Өкінішке қарай, қазір жұмысшылардың 40 пайызы ақысыз демалыста. Сондықтан, осы отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін біздің компаниялардың сұранысына сай, олардың тауарлары арасынан сатып алу жасаймыз. Жалпы, тапсырыс көлемі 28 млрд теңгеген асады. Егер осы қаражат толық игерілсе, бюджетке қосыма 6 млрд теңге салық түседі. Ең бастысы, осы 12 мың адамның бәрі қайта жұмысына оралып, еңбек өнімділігі артады. Ал кәсіпорындар келесі жылдың сәуір айына дейін кепілді тапсырыспен қамтамасыз етіледі, - деп түсіндірді Әлішер Пірметов.
Жалпы, Қор төрағасының орынбасары хабарлағандай, бүгінгі таңда отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған бағдарламаның ресми сайты пайда болған. Ол сайт арқылы кез келген отандық кәсіпорын бағдарламаға қатысуға өтініш бере алады. svoyzavod.kz деп аталатын сайт арқылы отандық кәсіпорындар, біріншіден, өзі өндіретін тауар туралы хабарлап, өтініш бере алады. Екіншіден, отандық тауар өндірушілерді қолдау бағдарламасына қатысу туралы өтініш тастай алады.
Журналистердің сұрағына жауап берген Әлішер Пірметов бағдарлама жемқорлық фактілерінен толық қорғалғанын және аймақтардағы кәсіпорындардың тізімін жергілікті атқарушы орган емес, Қорға қарасты компаниялар тобы таңдайтынын хабарлады.
Жалпы, Қор бұдан былай да отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын жалғастыра береді. Бұл мақсатқа жету үшін Үкімет жанындағы жобалық кеңсе, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы мен және салалық қауымдастықтармен бірге жұмыс істей береміз, - деп түйіндеді сөзін Пірметов.