"Самұрық-Қазына" 4 айда сатып алудан 100 млрд теңге үнемдеген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры 2020 жылдың төрт айында ішкі сатып алуларды қысқартып, сатып алу тетіктерін жетілдірудің арқасында 100 млрд теңге үнемдеген. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен "Самұрық-Қазына" қорын басқару жөніндегі кеңесте қор төрағасы Ахметжан Есімов мәлім етті.
Ең басты айта кетерлігі, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры дағдарыс кезінде ішкі экономикаға қолдау білдіру үшін 2020 жылды қазақстандық тауар өндірушілер мен отандық кәсіпкерлерді қолдау жылы деп жариялап отыр. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақсы баға берді. Осы жылдың аясында "Самұрық-Қазына" ұлттық экономиканы қолдаудың үш тетігін қабылдаған.
Біріншісі - тетіктердің өзін жетілдіру. Екінші - жаңа өндіріс орындарын құру бағдарламасын жүзеге асыру. Үшіншісі, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдау бағдарламасын қабылдадық, - деп хабарлады Ахметжан Есімов.
Жалпы, кеңес барысында Ахметжан Есімов атап өткендей, 2018-2019 жылдары сатып алулардан 276 млрд теңге үнемделсе, биыл төрт айда бұл цифрдың көлемі 100 млрд теңгеге жеткен. Осылайша, барлығы 376 млрд теңге үнемделіп отыр.
Әлемдік экономикада орын алған рецессия мен қауіпті індеттің кеңінен таралуы Қор тобына кіретін компаниялардың қазіргі жұмысына айтарлықтай әсерін тигізді. Осыған орай компаниялардың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылданып, іске асырылып жатыр. COVID-19 індеті, мұнай бағасының төмендеуі, ұлттық валюта бағамының құлдырауы өзінің теріс әсерін де тигізіп отыр. Биыл Қордың таза табысы 1,2 трлн теңгеден 167 млрд теңгеге дейін төмендемек. Әсіресе, "ҚазМұнайГаз" таза кірісінің 8,4 пайызынан қағылатындығы күтіледі. Әуе және темір жол жолаушылары ағынының көлемі 40 пайызға дейін азаймақ, - деді Ахметжан Есімов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен қорды басқару жөніндегі кеңесте.Сондықтан, Қор тарапынан қаражатты тиімді басқару және үнемдеу үшін тиісті шаралар қабылданған. Дағдарысты ескере отырып, "Самұрық-Қазына" басшылығы бір көзден сатып алу тетігін енді ашық тендер арқылы сатып алу тетігіне өткізбек. Бұл, яғни, ашық тендер арқылы сатып алуды өткізу, Ахметжан Есімов атап өткендей, қаражатты 10 пайызға дейін үнемдейді.
Бір көзден сатып алғанда 2 пайыз қаржы үнемделсе, ашық тендер арқылы сатып алу қаражатты 10 пайыз үнемдейді. Холдинг ішіндегі сатып алуларды оптимизациялау да жүріп жатыр. Мысалы, 2017 жылы холдинг ішінде 4500 сатып алу өтсе, 2019 жылы 301дейін, 2020 жыл басталғаннан бері 213 сатып алуға дейін қысқарды. Яғни, холдинг ішіндегі сатып алулар саны 21 есеге азайған, - деп мәлім етті Есімов.Жалпы, Холдинг ішіндегі сатып алу көлемі 2017 жылғы 1,9 трлн теңгеден 2020 жылы 0,5 трлн теңгеге дейін, яғни, 4 есе қысқарып отыр.
Осылайша, 819 млрд теңге бәсекелі ортаға берілген.17 000 бизнес субьектісі Қорға қарасты компаниялар тобының сатып алуына қол жеткізді. Компаниялардың бюджеті 52 млрд теңгеге үнемделді, - деп атап өтті Есімов.Ішкі сатып алуларды жетілдіруден бөлек, Қор сыртқы қарызды азайтып, кіріске өту үшін тиісті шаралар жасап жатыр. Мәселен, бұл міндетті орындау үшін Қаржылық қор құрылған.
8 млрд сыртқы қарыз өтелді. Бұл 1 трлн теңгенің бағам тәуекелінен кетуге және жыл сайын валюта қажеттілігі үшін сыртқы қарыздарға қызмет көрсетуге жұмсалатын қаражатты 260 млрд теңгеге төмендетуге мүмкіндік берді. Қазіргі ахуалды ескере отырып, компанияның күрделі операциялық шығыстарын 420 млрд теңгеге қысқарттық. Бұл белгілі бір қаржылық қор құруға мүмкіндік беріп отыр. Мұның барлығы энергетикалық, мұнай-газ, уран, телекоммуникация, пошта және өзге де салалардағы кәсіпорындардың жұмыс істеуі үшін айтарлықтай қаржылық резерв жасақтауға, қызметкерлерді қысқартусыз сақтап қалуға және жұмысшыларға дер уақытында жалақы төлеуге жол ашты, - деді Ахметжан Есімов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Көкшетауда полицейлер тұрғындарды өрттен құтқарды
Өзгелердің жаңалығы