Бүгін жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық туралы заң күшіне енді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 1,4 млн адамның салық берешегі бар. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев орталық коммуникациялар қызметінде айтты.
"Мемлекеттік бюджет кірістер бойынша жоспар 103%-ға орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда 556 млрд теңгеге артық түсті (115% орындалды). Республикалық бюджет 101% және жергілікті бюджет 108% жүзеге асты. Шикізаттық емес сектордан түсім 8%-ға артып, 2,9 трлн теңгені құрады. Шағын бизнес субьектілерінен (ШБС) 1,9 млрд теңгеге дейін өсті (16,6%)", - дейді Марат Сұлтанғазиев.
Оның айтуынша, 1,4 млн адамның салық берешегі бар. Бүгіннен бастап жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық туралы заң күшіне еніп отыр.
"Елімізде 1,4 млн адамның салық берешегі бар. Олар салықтық рақымшылықты пайдалана алады. Олардың берешек қарыздары 14 миллиард теңгеден асады. Ал айыппұлдар 6,5 миллиард теңгені құрайды. Рақымшылық арқылы осы 6,5 млрд теңге өсімпұлды кешіру жоспарланып отыр. Заңды тұлғаларға тоқталатын болсақ, шағын және орта бизнестің 90 мыңнан астам нысанында салық берешегі болған. Бүгінгі таңда олардың 46%-ы қарыздарын төледі. Өткізілген берешек сомасы 7,8 миллиард теңгені құрады", - деді комитет төрағасы.