Салықты көтеру жанға бататын, бірақ мәжбүрлі іс – Үкімет басшысы

Премьер-министр Олжас Бектенов қосымша құн салығының 16%-ға дейін өсуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Салықтың кез келген жағдайда көтерілуі танымал емес, жанға бататын, бірақ мәжбүрлі түрде жүзеге асырылатын іс екені түсінікті. Салық реформасының арқасында біз даму бюджетін айтарлықтай ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұған дейін экономикалық өсім туралы келіскен едік. Экономикалық өсім егер мемлекет инфрақұрылымды жылдамдатылған қарқында дамытатын жағдайда ғана мүмкін болады. Сол үшін кез келген бизнесті дамыту үшін инфрақұрылым қажет. Инфрақұрылымды дамыту үшін даму бюджеті талап етіледі, - деп түсіндірді Олжас Бектенов Үкіметте өтіп жатқан баспасөз брифингінде.

Айтуынша, салық мөлшерлемесінің 16%-ға дейін өсуі бюджетті 18%-ға дейін ұлғайтуы мүмкін.

Бізде өкінішке қарай бүгінгі таңда даму бюджетінің деңгейі өте төмен. Ол мемлекетке толықтай деңгейде экономиканың дамуы қарқынына ілесіп, жылдам қарқында инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан Салық кодексін қабылдау арқылы 2026 жылдан бастап қосымша бюджет табысына қол жеткізуді, бюджеттің 8 пайызға өсуін, осылайша, 18%-ға жетуін күтеміз. Бұл бізге тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге жол ашады, - деді Премьер-министр.

Еске салайық, Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектенов және оның орынбасарларының қатысуымен БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингі өтіп жатыр.

Бұған дейін Бектенов экономикалық өсімді сақтау үшін тапсырмалар берген еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкімет баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы