Салық түсімі неге жоспарға жетпеді? Үкімет түсіндірді
Қазақстанда тоғыз айдың қорытындысы бойынша қосылған құн салығынан (ҚҚС) бюджетке түскен түсім жоспарланған көрсеткіштің 89,6%-ын ғана орындады. Бұл мәселені Құрылтайда өткен брифингте журналистер Қаржы министрі Мәди Такиев пен Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге сұрақ ретінде қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тоғыз айда ҚҚС түсімі 5,92 трлн теңгені құрады. Осылайша, бюджетке жоспарланған көлемнен шамамен 685,8 млрд теңге аз түскен.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, жалпы салық түсімдерінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен.
Тоғыз айдағы көрсеткіштер бойынша салық түсімдері былтырмен салыстырғанда 130,3%-ға немесе 3 трлн теңгеге көп жиналды. Бірақ біздің жоспарымыз өте ауқымды. Оның ішінде қосылған құн салығы кен орындарынан көп жиналды. Жыл басынан бері 811,5 млрд теңге ҚҚС жиналды, – деді министр.
Ал Серік Жұманғарин ҚҚС бойынша жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың бюджеттерін қоса есептегенде, 1 қазандағы жағдай бойынша 3,6 трлн теңге жиналғанын айтты.
Оның сөзінше, жыл соңына дейін ҚҚС түсімін жоспарланған деңгейге жеткізуге мүмкіндік бар.
Қазір тоғыз ай өтті. Он екі айды есептесек, былтыр айтқан 4 трлн теңгеге жетуге мүмкіндік бар. Сондықтан қазір аз деп те, көп деп те айтуға болмайды. Біз жылдың аяғына дейін қажетті деңгейге шығамыз деп ойлаймыз, – деді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, Үкімет тоғыз айдың қорытындысы бойынша бюджеттің атқарылуын таныстырған кезде қосылған құн салығынан түсетін түсімнің жоспардан төмен орындалғаны белгілі болған еді.