21 Шілде 2026, 15:07 Фото: magnific.com

Салық түсімі бойынша Алматы аутсайдерлер қатарына кірді

Өңірлердегі көрсеткіш біркелкі емес.

Қазақстанның жергілікті бюджеттеріне түскен салық түсімдері биылғы жылдың алғашқы бес айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі экономистердің сараптамасына сілтеме жасап.

Қаржы министрлігінің 2026 жылғы 1 маусымдағы мәліметіне сәйкес, жергілікті бюджеттердің салықтық түсімдері 3,7 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25,6 млрд теңгеге аз.

Сонымен қатар өңірлердегі көрсеткіш біркелкі емес. Елдің 20 өңірінің 10-ында салық түсімі артса, қалған 10 өңірде керісінше төмендеу байқалған.

Салық түсімі ең көп өскен өңірлер

Ең жоғары өсім мына өңірлерде тіркелді:

  • Ақмола облысы – 17,7% (+15,9 млрд теңге);

  • Алматы облысы – 16,9% (+40,5 млрд теңге);

  • Павлодар облысы – 13,6% (+23,6 млрд теңге);

  • Астана қаласы – 6% (+31 млрд теңге);

  • Абай облысы – 6% (+3,5 млрд теңге).

Сондай-ақ өсім Жетісу (+5,7%), Солтүстік Қазақстан (+4,1%), Шымкент (+3,8%), Жамбыл (+2,7%) және Қостанай (+0,1%) облыстарында да байқалды.

Ең үлкен төмендеу Алматыда тіркелді

Салық түсімі ең көп азайған өңірлер қатарында:

  • Алматы қаласы – 5,5% (-51,7 млрд теңге);

  • Атырау облысы – 13% (-47,7 млрд теңге);

  • Маңғыстау облысы – 12% (-16,6 млрд теңге);

  • Қарағанды облысы – 8,3% (-15,2 млрд теңге);

  • Батыс Қазақстан облысы – 10,4% (-10,5 млрд теңге).

Бұдан бөлек, Ақтөбе, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында да салық түсімдерінің төмендеуі тіркелген.

Мамандардың пікірінше, өңірлердегі салық түсімдерінің әркелкі өзгеруі экономикалық белсенділік деңгейі мен әр аймақтың салық базасының құрылымындағы айырмашылықтарға байланысты.