Салық төлемегендердің шоты қандай жағдайда бұғатталады

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, салық қарызын өндіруде енді дифференциалды тәсіл қолданылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның ішінде салық берешегіне байланысты шекті мөлшерлер қайта қаралып, айтарлықтай өсірілген.

Вице-министрдің мәліметінше, салық қарызын өндіріп алу шегі бұрынғы 6 АЕК-тен 20 АЕК-ке дейін (25 950 теңгеден 86 500 теңгеге дейін), ал әлеуметтік аударымдар бойынша берешек шегі 1 теңгеден 6 АЕК-ке дейін көтерілді.

Енді 20 АЕК-ке дейінгі қарызға тек қана салық берешегінің пайда болғаны туралы хабарлама жіберіледі. 20-дан 45 АЕК-ке дейінгі (86 500 теңгеден 194 625 теңгеге дейін) қарыз бойынша салық төлеушіге ресми ескерту жолданады, ал қарыз өтелмесе, оның шығыс операциялары тоқтатылады. Егер берешек көлемі 45 АЕК-тен асса (194 625 теңгеден асса), мүлікті тізімдеу және оны өткізу тәртібі қолданылады, – деді Ержан Біржанов СЦК-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар мемлекет салық берешегін өтеу бойынша жаңа жеңілдік тетігін енгізеді. 6 миллион теңгеге дейінгі салық қарызына кепілсіз мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі.

Еске сала кетейік, жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап 1 АЕК 4 325 теңге болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ коллажы
Өзгелердің жаңалығы