16 Қазан 2026, 17:51 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

«Салық төледім, маған жәрдемақы беріңдер» деген сөз дұрыс емес – Еңбек министрлігі

Қазақстанда салық төлеу азаматтың автоматты түрде әлеуметтік жәрдемақы алуына негіз болмайды. Мемлекеттік қолдау тек мұқтаж адамдарға бағытталады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, салық төлеу мен әлеуметтік көмек алу құқығын бір-бірімен тікелей байланыстыруға болмайды. Мемлекеттік қолдау отбасының нақты мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалады.

Жұмыс істемей жүргендер жәрдемақыдан қағылып, жұмыс істегендер төлемдерді алып жүреді деген сөз емес. Салық төлеуді адам депозит ретінде қарастыру керек. Яғни, “салық төледім екен” деп, “маған жәрдемақы беріңдер” деген сөз дұрыс емес. Жәрдемақылар тек мұқтаж жандарға ғана бағытталады. Мұқтаждығына байланысты адамдар толық көмекті мемлекеттен алады, – деді Ербол Тұяқбаев.

Жәрдемақы тағайындау кезінде қате кетсе не істеу керек?

Бірінші вице-министрдің айтуынша, отбасын әл-ауқат санаттарына бөлу кезінде ақпараттық жүйеде қате анықталса немесе азаматтар жүйедегі мәліметтермен келіспесе, оны түзетуге болады.

Ол үшін eGov.kz порталына жүгінуге немесе 1414 байланыс орталығына хабарласуға болады.

Жүйеде қате кетіп, төлем алушы біздегі ақпаратпен келіспесе, ақпаратты ұсынып, жылдам түзетуге болады. Төлем алатын адам екі-үш ай жәрдемақысыз жүретін жағдай болмайды. Себебі жүйедегі ақпарат ай сайын жаңартылып отырады, – деді Ербол Тұяқбаев.

Оның сөзінше, деректерді ай сайын жаңарту азаматтардың әлеуметтік жағдайындағы өзгерістерді ескеруге және төлем тағайындау кезінде туындаған қателерді түзетуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін министр баланың әкесі декреттік демалысқа шықса, төлем ала ма деген сұрақтың жауабын айтты.