Салық реформасы: Кәсіпкерлерге жауап беретін арнайы штаб құрылды
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі бірінші кеңес өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жобалық кеңсе Салық кодексінің және кәсіпкерлікті реттеушінің жаңа нормаларын қолдануға байланысты бизнес өтініштерін жүйелеу және жедел қарау үшін бірыңғай үйлестіру орталығы ретінде құрылады. Оның міндеті – мемлекеттік органдардың келісілген іс-қимылын қамтамасыз ету және кәсіпкерлік қоғамдастықпен тұрақты кері байланыс орнату.
Жобалық кеңсенің бірінші отырысына «Атамекен» ҰКП басшылығы, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Жобалық кеңсе жұмысының негізгі логикасы – «бір терезе» принципі. Салық органдарының call-орталығы, SalykBot Telegram-арнасы, Мемлекеттік кірістер комитетінің бөлімшелері, «Атамекен» ҰКП, әлеуметтік желілер мен басқа да коммуникация арналары арқылы түсетін бизнестің барлық өтініші бір орталықта жинақталады. Өтініштерге жауап берудің нақты мерзімдері белгіленеді. Күрделі және ведомствоаралық сипаттағы мәселелер салалық мемлекеттік органдардың қатысуымен жобалық кеңсенің отырыстарына шығарылады.
Жобалық кеңсенің отырысын апта сайын өткізу жоспарлануда. Олар бизнестің ең өзекті және жиі көтеретін мәселелерін қарастырып, шешімдер әзірленеді, түсініктемелер беріледі. Жобалық кеңсе жұмысының қорытындысы мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының коммуникация арналары арқылы жалпы жұртшылыққа үнемі жеткізіледі.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, 1-20 қаңтар аралығында салық жүйесінде 22 мың жаңа салық төлеуші тіркелген. Оның 20 мыңнан астамы жеке кәсіпкер, 2 мыңға жуығы заңды тұлға. Жаңа ҚҚС төлеушілердің саны – 7100.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар режимін 137 708 салық төлеуші таңдады. Оның 100 мыңнан астамы бұрын салықтық әкімшілендіру саласында болмаған жеке тұлға. Жаңа режим ЖК тіркеусіз және кассалық аппаратты қолданбай, салық төлемей, табыстың 4% мөлшерінде әлеуметтік төлемдер бойынша ғана міндеттемемен жұмыс істеуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті Ержан Біржанов.
Имплементация кезеңі объективті қиындықтармен бірге жүретіні атап өтілді. Қаңтардың басында салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесін (СӘИЖ) іске қосу кезінде техникалық мәселелер тіркелді. Бүгінгі таңда барлық әдістемелік және техникалық мәселелер реттелді. СӘИЖ елдегі ең ірі ақпараттық жүйе болып саналады. Ол бір уақытта 250 мың салық төлеушіге қызмет көрсетеді.
Бүгінгі таңда бизнестің негізгі өтініштері қолданбалы сипатқа ие және салық салу режимін таңдауға, хабарламалар беруге, деректерді өңдеудің дұрыстығына, ЭҚЖЖ таңдауға, электрондық шот-фактураларды толтыруға және басқа да рәсімдік мәселелерге қатысты. Салық төлеушілерді жедел қолдау үшін МКД жанындағы консультация кеңселері, call-орталық және SalykBot Telegram-арнасы тұрақты жұмыс істейді.
5 қаңтардан бастап барлық облыс орталығы мен республикалық маңызы бар қалаларда аптасына үш рет «Халық бухгалтері» акциясы өткізілуде. Оған жеті салалық қауымдастықтың атынан 100-ден аса бухгалтер қатысуда. 3 мыңнан астам адам тегін кеңес алды.
Отырыс соңында Серік Жұманғарин реформа кезеңінде Салық кодексінің нормаларын қалыптастыруға және талқылауға баса назар аударылғанын, ал имплементация кезеңінде оларды қолданудың нақты мерзімі, түсінікті тетіктері мен болжамдылығы түйінді мәнге ие болатынын атап өтті.
Жүзеге асыру барысында сұрақ сөзсіз туындайтыны белгілі. Егер оларға түсініксіз жауап берілсе, ведомстволарда күрделі мәселелер жиналып қалады. Жобалық кеңсе бизнес мәселелерін жедел және жүйелі түрде шешу үшін құрылады, – деді ол.
Жобалық кеңсенің құрамына Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің, Ұлттық экономика министрлігінің, «Атамекен» ҰКП, Цифрлық даму министрлігі мен Әділет министрлігінің өкілдері кірді. Жобалық кеңсенің жұмысына салалық қауымдастықтар, жеке салық кеңесшілері мен сарапшылар қауымдастығы да араласады.
Бұған дейін Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне өзгерістер енгізу жайлы айтқан еді.