1,2 млн қазақстандық салықтық рақымшылық мүмкіндіктерін қайта пайдалана алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1,2 млн қазақстандық салық рақымшылығы мүмкіндіктерін қайта пайдалана алады, деп хабарлады МКК баспасөз қызметі.

2019 жылғы салықтық рақымшылықтың арқасында 1,24 млн адамның 60,9%-ы қарызы бойынша есептесті. Ал жеке тұлғалардың 30,1%-ы әлі күнге дейін салық қарыздарын төлемеген.

2019 жылғы өсімпұлды есептен шығару бойынша акцияның басында 1,24 млн жеке тұлға бойынша жалпы берешек 26,6 млрд теңгені, оның ішінде негізгі борыш сомасы 20,1 млрд теңгені, өсімпұл 6,5 млрд теңгені құрады. Барлығы 755,7 мың жеке тұлға салық рақымшылығын пайдаланды. Олар 15,9 млрд теңге мөлшерінде негізгі қарызды төледі және 3,1 млрд теңге сомасына өсімпұл есептен шығарылды. Яғни, берешегі бар жеке тұлғалардың 60,9%-ы өз қарыздарын төледі. Салықтық рақымшылық жасауды пайдаланбаған жеке тұлғалардың 39,1%-ы бойынша төленбеген негізгі борыш сомасы 6,2 млрд теңгені, өсімпұл сомасы 3,4 млрд теңгені құрайды, - делінген комитет баспасөз қызметі.

Мысалы, 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1 350 азаматтың негізгі қарыз сомасы 1 млн теңгеден асады. Аталған жеке тұлғалардың жиынтық қарызы 6,8 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде негізгі қарыз - 4,2 млрд теңге (68%), өсімпұл - 2,6 млрд теңге (76%). 

Айта кетейік, 2020 жылдың 6 сәуірінде Мемлекет басшысы үкіметке 2020 жылы мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша жеке тұлғаларға салықтық рақымшылық жасауды қайта жүргізуді тапсырды. Мемлекет басшысы ҚР-ның тиісті Заңына 2020 жылғы 2 шілдеде қол қойды.

Есептен шығарудың негізгі шарты – негізгі салық қарызының сомасын төлеу. Өсімпұл төленген салықтың түрі бойынша есептен шығарылады.
Салықтық рақымшылық жасау мерзімі – 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін.

Өсімпұлды есептен шығару үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Борыштың негізгі сомасын төлеу жеткілікті. Өсімпұл автоматты есептен шығарылады. Мемлекеттік кірістер органдарының барлық аумақтық бөлімшесінде өсімпұлды есептен шығару жөніндегі комиссиялар құрылатын болады, - делінген хабарламада.

Жеке тұлғалар борыштың негізгі сомасын төлеген кезде өсімпұлды есептен шығару жөніндегі Ереже қаржы министрінің 2020 жылғы 13 тамыздағы №730 бұйрығымен бекітілген.

Болжам бойынша, 2020 жылы салық рақымшылықты шамамен 1,2 млн азамат пайдаланады, яғни бюджетке 12,7 млрд теңге төленеді, есептен шығарылатын өсімпұл сомасы – 4,3 млрд теңгені құрайды.

Салықтық берешегінің бар-жоғы екендігі туралы мәліметті ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы сілтемесі арқылы немесе "eSalyq mobile" (AppStore,  PlayMarket) мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы