Салық қызметкерінің әйелі мемлекеттен 35 миллион теңге өтемақы өндіріп алды

Петропавлда салық қызметкерінің қаза болуына байланысты оның әйелі мемлекеттен 34,8 миллион теңге өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Күйеуінің қайғылы қазасынан кейін үш кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырған әйел мемлекеттік органға біржолғы жәрдемақы төлеу туралы өтінішпен жүгінген. Алайда оған қаржыландырудың жоқтығы мен қосымша келісім қажеттілігі сылтау етіліп, өтемақы төлеуден бас тартылған.

Осыдан кейін әйел сотқа жүгініп, жұбайының соңғы жылдағы табысына сүйене отырып, 58 миллион теңгеден астам өтемақы талап етті. 

Петропавл қаласының соты іс материалдарын зерттей келе, "Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР Заңының 20-бабы 5-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, салық органдарының лауазымды тұлғасы қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан жағдайда, оның отбасына немесе асырауындағы адамдарға соңғы атқарған лауазымы бойынша он жылдық ақшалай қамтылым мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленіп, бұл төлем бюджет қаражатынан жүзеге асырылуы тиіс екенін анықтаған.

Нәтижесінде талап арыз ішінара қанағаттандырылып, мемлекеттік орган марқұмның жұбайына қызметкердің он жылдық лауазымдық жалақысы негізінде есептелген 34,8 миллион теңгеден астам соманы төлеуге міндеттелді, - деп жазылған Петропавл қаласының №2 соты хабарламасында.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы