24 Шілде 2026, 10:55 Фото: ©BAQ.KZ/Мақпал Орынбек

Салық кодексіне түзетулер қыркүйекте Парламентке енгізілуі мүмкін: Қандай өзгерістер ұсынылып жатыр

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында Салық кодексіне енгізілетін түзетулердің қайсысы Үкіметпен келісілгені және қай ұсыныстардың әлі де бизнес қауымдастығымен талқыланып жатқаны айтылды.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында жаңа Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді талқылау жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бизнес өкілдерінің ұсыныстары ескеріліп, Үкіметпен келісілген ұстанымды биыл қыркүйек айында Қазақстан Парламентінің қарауына енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде келісілген негізгі бастамалардың бірі – тауарларды таңбалауға арналған жабдыққа жұмсалған шығындар бойынша корпоративтік табыс салығынан шегерім беру.

Қазір мақұлданған негізгі түзетулердің бірі – тауарларды таңбалауға арналған жабдыққа жұмсалған шығындарды өтеу мәселесі. Бұл жабдыққа қатысты корпоративтік табыс салығы бойынша 150 пайыз көлемінде шегерім беру ұсынылып отыр. Бұл – бизнесті қолдауға бағытталған ынталандыру шараларының бірі, – деді Тимур Жәркенов.

Ол сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтарудың бұрынғы тәртібін қайта енгізу жөнінде Үкіметпен келісімге келгендерін айтты. Оның сөзінше, бұған дейін ұсынылған Салық кодексінің редакциясында ҚҚС қайтарудың өзге тәртібі қарастырылып, бұл сала өкілдерінің алаңдаушылығын тудырған.

Үкіметпен келіссөз жүргізіп, бұрынғы механизмге қайта оралуға қол жеткіздік. Бұл кем дегенде бағаны тұрақтандыруға елеулі ықпал етеді, – деді ол.

Тимур Жәркеновтің айтуынша, бұл мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Ұлттық экономика министрлігімен, Мемлекеттік кірістер комитетімен және Парламент депутаттарымен талқыланған. Келіссөздердің қорытындысында тиісті норма жобалық кеңсенің қарауына шығарылған.

Сонымен қатар ол мемлекет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне берілетін ҚҚС бойынша қолданыстағы жеңілдіктен кезең-кезеңімен бас тартуды ұсынып отырғанын жеткізді. Қазіргі уақытта бұл жеңілдік 80 пайызды құрайды, ал оны алдағы 7–10 жыл ішінде біртіндеп алып тастау мәселесі талқыланып жатыр.

Бұл – мемлекет тарапынан ұсынылған жаңа бастама. Осы мәселені қосымша пысықтап, оны бизнес қауымдастығымен қайта талқылайтын боламыз, – деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, таныстырылған түзетулер әзірге жоба ғана және кәсіпкерлердің ұсыныстары негізінде әлі де жетілдіріледі. Түпкілікті шешім Үкімет қарағаннан кейін жаңа шақырылымдағы Парламентте қабылданады.

Тауар бағасына ықпалы туралы сұраққа жауап берген Тимур Жәркенов өзгерістердің бағаға нақты қалай әсер ететінін болжау қиын екенін айтты. Дегенмен ҚҚС қайтарудың бұрынғы тәртібіне оралу бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді деген пікір білдірді.

Оның сөзінше, бұдан бөлек өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты мәселелер, жер қойнауын пайдаланушылардың роялтиі және бизнес ұсынған басқа да бастамалар талқыланып жатыр. Жалпы түзетулерді қарау және қабылдау процесі шамамен алты айға созылуы мүмкін.