Салық кодексіне түзетулер енгізу ұсынылды
Заң жобасы салық жүктемесін өзгертпейді және жаңа конституциялық модельге бейімдеуге бағытталған
Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды. Құжат бойынша баяндама жасаған Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ерлан Стамбеков түзетулердің құқықтық-техникалық сипатқа ие екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленіп, биылғы 28 сәуірде Мәжіліс қарауына енгізілген.
Құжат 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдум нәтижесінде Конституцияға енгізілген өзгерістерді, сондай-ақ “Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы” Конституциялық заңға енгізілген түзетулерді іске асыру мақсатында әзірленді, – деді Ерлан Стамбеков.
Депутаттың айтуынша, заң жобасында бірнеше негізгі бағыт қарастырылған. Бірінші кезекте, құқықтық реттеудің мәнін өзгертпей, жекелеген нормаларды техникалық тұрғыдан нақтылау және біріздендіру көзделеді.
Атап айтқанда, «шетелдік» терминін «шетелдік азамат» ұғымымен алмастыру, «тенге» сөзін «теңге» нұсқасына өзгерту, сондай-ақ аумақ атауларын көрсету тәртібін астанаға басымдық бере отырып реттеу ұсынылады.
Сонымен қатар, салық заңнамасындағы институционалдық атаулар жаңа конституциялық модельге сәйкестендірілмек.
Осыған байланысты “Парламент” атауын “Құрылтай” атауымен ауыстыру, сондай-ақ жаңа “Қазақстан Халық Кеңесі” институтын енгізу қарастырылған, – деді депутат.
Бұдан бөлек, азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгінуі кезінде төленетін мемлекеттік бажды алып тастау ұсынылады.
Заң шығару техникасы аясында бірқатар терминологиялық түзетулер де енгізіледі. Мысалы, «заңнамалық актілер» тіркесін «заңдар» сөзімен алмастыру көзделген.
Ерлан Стамбековтің айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер салық жүктемесіне немесе салық салу тетіктеріне әсер етпейді.
Негізгі мақсат – Салық кодексін жаңартылған Конституция нормаларымен үйлестіру және мемлекеттік институттардың жаңа моделін құқықтық тұрғыдан бекіту, – деді ол.
Депутат заң жобасы бойынша барлық қажетті сараптамалар мен қорытындылар алынғанын, сондай-ақ түзетулерді Үкімет толық қолдап отырғанын айтты.
Сонымен қатар, құжатты қабылдау қосымша заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер әзірлеуді талап етпейді және оның әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық теріс салдары болмайды.
Заң жобасында көзделген түзетулер мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайтпайды және кіріс бөлігін қысқартпайды, – деп түйіндеді Ерлан Стамбеков.
Мәжіліс Парламент депутаттары бастамашы болған Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.