Бизнеске жеңілдік бола ма? Салық кодексіне жаңа өзгерістер енгізіледі
Отырыс барысында салықтық әкімшілендіруді жаңарту, салық режимдерін өзгерту, қаржы секторына қатысты бірқатар мәселелер де жедел шешілді.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық еткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің сегізінші отырысында атқарылған жұмыстардың алдын ала қорытындысы қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобалық кеңсе отырыстарында Салық кодексі нормаларын іске асыруға қатысты барлығы 60 мәселе талқыланды. Соның ішінде денсаулық сақтау саласында дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды импорттау кезінде қосылған құн салығын (ҚҚС) қолдану, сондай-ақ орфандық және әлеуметтік маңызы бар дәрілерді ҚҚС-тан босату мәселелері қарастырылды. Осыған байланысты заңға тәуелді актілерге өзгерістер енгізу жұмыстары аяқталуға жақын.
Биыл 13 ақпанда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ҚҚС-сыз дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға шекті баға белгілеу туралы бұйрық қабылдады.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, Табиғи монополияларды реттеу комитеті және Самұрық-Қазына қоры оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушілерден тауарлар мен қызметтерді сатып алу қағидаларын жетілдіру мәселесін пысықтап жатыр. Бұл өзгерістер квазимемлекеттік сектор шығындарын арттырмай, салық заңнамасын сақтауға және бәсекелестікті қолдауға бағытталған.
Отырыс барысында салықтық әкімшілендіруді жаңарту, салық режимдерін өзгерту, қаржы секторына қатысты бірқатар мәселелер де жедел шешілді.
Сонымен бірге Салық кодексіне түзету енгізуді қажет ететін бірқатар ұсыныстар қаралды. Олардың қатарында мүгедектік тобы өзгерген жағдайда жеке табыс салығы бойынша шегерімді қолдану тәртібін нақтылау, қарыздар бойынша сыйақы операцияларына электрондық шот-фактура талаптарын алып тастау, салық құпиясына жатпайтын мәліметтер тізбесін кеңейту, авиацияға арналған жанармай импортын ҚҚС-тан босату нормаларын нақтылау, энергетикалық сусындардың экспортын акцизден босату және кең таралған пайдалы қазбалар бойынша төлемдерді есепке алу тәртібін реттеу мәселелері бар.
Ұсынылған өзгерістер салықтық әкімшілендіруді цифрландыруға, заңнамалық нормаларды нақтылауға және бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған.