Салық кеңесшісі кәсіпкерлердің қалтасын қағатын 5 қателік туралы айтты
Кәсібін жаңадан бастаған азаматтар көбіне ұйымдық-құқықтық нысан мен салық режимін дұрыс таңдамаудан, қаржылық жоспардың болмауынан және құжаттарды сауатты рәсімдемеуден қиындық көреді. Бұл туралы салық кеңесшісі Ардақ Мақұлбекова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маманның сөзінше, кәсіпкерлер жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашып, оңайлатылған салық режимін таңдағанымен, алдын ала маңызды мәселелерді ескере бермейді. Мәселен, олардың болашақ клиенттері кім болатынын, жеке тұлғалармен немесе заңды тұлғалармен жұмыс істейтінін, қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеушілермен байланыс орнататынын ескермейді.
Сондай-ақ тауарды импорттау немесе экспорттау, қандай шығындарды салық шегеріміне жатқызуға болатыны сияқты жайттарды да алдын ала талдау қажет. Әйтпесе, бірнеше айдан кейін салық режимін өзгерту қажеттігі туындауы мүмкін.
Ардақ Мақұлбекова кәсіпкерлер үшін қаржылық жоспарлаудың маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, кейбір кәсіпкерлер шотына түскен ақшаның барлығын пайда деп қабылдап, оны бірден жұмсай бастайды. Алайда кейін қызметкерлердің жалақысын, салықтарды, кеңсе жалдау ақысын және контрагенттер алдындағы міндеттемелерді төлеуге қаражат жетпей қалуы мүмкін.
Мысалы, кәсіпкердің шотына 10 миллион теңге түсті делік. Ол ақшаны пайдасы деп есептеп, жұмсай бастайды. Бірақ ертең жалақы төлеу, салықтарды аудару, кеңсені жалға алу және серіктестерімен есеп айырысу керек болады. Сол кезде қаражат жетпей, кәсіпкер не істерін білмей қалуы мүмкін. Сондықтан әр кәсіпкер ең алдымен қаржылық жоспарлаудан бастауы керек, – дейді салық кеңесшісі.
Маман кәсіпкерлердің тағы бір қателігі ретінде салық міндеттемелерін дұрыс бағаламауды атады. Кәсіп ашпас бұрын қандай салықтар мен міндетті төлемдерді төлеу керегін, ҚҚС бойынша қашан тіркелу қажеттігін, контрагенттермен жұмыс істегенде қандай салық міндеттемелері туындайтынын анықтап алған жөн.
Бұдан бөлек, тауарлар мен қызметтерді өткізу кезінде қандай құжаттар қажет екенін де алдын ала білген маңызды.
Салық кеңесшісінің айтуынша, шарттар мен бастапқы құжаттарды дұрыс рәсімдемеу де кәсіпкерлерге қиындық туғызады. Кейбірі келісімшарт жасап, шотты алып, төлем жасаумен шектеледі. Ал тауарды қабылдағанын немесе қызметтің көрсетілгенін растайтын актілер мен өзге де қажетті құжаттарды рәсімдеуге мән бермейді.
Мұндай олқылықтар кейін серіктестермен есеп айырысу кезінде және салық міндеттемелерін орындауда мәселелерге әкелуі мүмкін.
Осылайша, Ардақ Мақұлбекова кәсіп бастаған азаматтарға салық режимін таңдаудан бөлек, қаржылық жоспар құруға, салық міндеттемелерін алдын ала есептеуге және барлық құжатты дұрыс рәсімдеуге кеңес береді.
Бұған дейін экономист Максим Барышев кәсіпкерлер үшін салық жүйесінде нені өзгерту қажет екенін түсіндірді.
Тағы оқи отырыңыз: Жаңа Салық кодексі: Кәсіпкерлер нені ескеруі керек? Сарапшы маңызды кеңес берді