+1

Салық берешегін төлеуге асықпайтын темір тұлпар иелері артып келеді

Салық берешегін төлеуге асықпайтын темір тұлпар иелері артып келеді

Атырау облысындағы автокөлік жүргізушілері салық берешегінен құтылуға асықпайды. Қазір облыстағы 3147 адам мемлекет алдындағы міндетті төлемді аудармаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 


3147 адам бас-аяғы 150 млн теңгеден астам салық төлеуі керек. Бірақ әлі күнге дейін төлем жасамаған. Бұл туралы облыстағы кірістер депаратаментінің өкілдері хабарлады. Қазіргі уақытта берешектің көбеюіне байланысты қала көшелері мен аудандарда рейдтік шаралар күшейтілген. 

Жауаптылар ақшаны өндіру үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, талапты еске салып жатыр. Бүгінге дейін осындай 64 рейдтің арқасында 1,1 млн теңге мәжбүрлі түрде өндірілген екен. 

Қазіргі уақытта біз биылғы жылдың 1-сәуіріне дейін уақыт беріп отырмыз. Автокөлік иелері сол уақытқа дейін берешектерінен құтылуы керек. Төлемеген жағдайда салық бұйрығы шығарылады. Кейін жеке сот орындаушыларға жіберіледі. Жеке сот орындаушылары қарызды мәжбүрлі түрде алады,-дейді Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Бисен Юсубалиев.

Қаперге берсек, бүгінге Атырау облысындағы 112 мыңнан астам тұрғынның атында 172 мыңға жуық автокөлік бар. Статистика темір тұлпар санының 2023 жылмен салыстырғанда 2763-ке өскенін көрсетеді. Төленетін автокөлік салығының да мөлшері артқан. 

Биыл мұнайлы өңірдегі автокөлік иелері 3,3 млрд теңге салық төлеулері тиіс. Жүргізушілер салықты онлайн түрде де төлей алады. Бұл бағытта кірістер департаментінің өкілдері ақпараттандыру жүргізіп жатыр. Электронды түрле мәліметтер жіберуді департамент мамандары 12-наурыз күні бастаған.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы